14 мыңнан астам медицина қызметкеріне вирус жұққан Қазақстан билігі мемлекеттік өтемақыны неге тоқтатты? Қай аймақта неше дәрігер ауырды? Қайтыс болғандары ше?

ДенМин қарамағындағы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев редакция сұрағына жауап берді. Оның мәліметінше, 31 қазандағы жағдай бойынша елде 14 460 медицина қызметкері ауырған. Оның 10 323-і  коронавирусқа, 4317-сі коронавирус пневмониясына шалдыққан.

Ең көбі – астанада 2464, Алматы қаласында 2297, Атырау 1179, Ақмола 909, Қарағанды 898, ШҚО 896 маман науқастанған.

«Бұл статистикалық мәліметте, медициналық білімі бар, бірақ COVID-19 эпидемиясына қарсы іс-шараларға жұмылдырылмаған барлық денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері де қамтылған (мысалы тіс дәрігерлері, дәрігер-косметологтар және т.б.)», – дейді министрлік өкілі.

Сәйкесінше, өңірлік комиссиялар 9309 маманның вирусқа тікелей кәсіби қызмет барысында шалдыққанын растап, шешім шығарған. Оларға мемлекет тарапынан 2 млн теңге көлемінде бір реттік өтемақы берілген.

Сарапшылар мен мамандар эпидемия талаптарын жақсы білетін медицина қызметкерлерінің жаппай дерт жұқтыруының себебін құзырлы органдардың кадрларды қажетті қорғаныш құралдарымен дер кезінде қамти алмауынан және түсіндіру жұмысының жеткіліксіз болуынан көреді. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері көктемгі Алматы қаласындағы жағдайдың ушығуын дәрігерлердің қызметіне  салғырт қарауының салдары деген. Алайда бұл азаматтық қоғам мен медқызметкерлердің ашуын тудырған. 70 күнге созылған көктемдегі Төтенше жағдай кезінде Үкімет қате болжам жасап, салдарынан дайындығы жеткілікті деңгейде пысықталмаған. Шығыны – «маусым-шілде қырғынына» ұласып, мыңдаған адамның ауруына, жүздеген өлімге алып келді.

Қазақстанда коронавирусты қызмет барысында жұқтырып қайтыс болған дәрігерлер де аз емес. Ресми дерек негізінде республика көлемінде 182 меқызметкер қайтыс болған. Олар: ел астанасында 24, Шымкенте 21, Павлодар облысында 19, Ақмола өңірінде 15, Атырау және Қарағанды облыстарының әрқайсында 14 т.б.

Үкімет 182 қызметкердің туыстарына өтемақы ретінде әрқайсына 10 млн теңгеден өтемақы берілгенін айтады.

Пандемияның көктемгі толқынында президент Тоқаевтың уәдесі болғандықтан лажсыз төленген тәрізді. Себебі билік 20 қазаннан бастап коронавируспен күреске қатысатын медицина қызметкерлеріне төленетін әлеуметтік төлемдерді тоқтатуға шешім қабылдады.

Мұны «эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануы және екінші толқынға дайындық кезінде қабылданған алдын-алу шарасы» ретінде түсіндіреді Байтанаев.

Бұған дейін 29 наурызда президент Тоқаев эпидемиямен күресіп жатқан дәрігерлерге сыйақы мен өтемақы төлеу қажеттігі туралы бастама көтерген.

30 наурыз Үкімет құрамынан құрылған мемлекеттік-ведомствоаралық  комиссия коронавирустан ауырған медицина қызметкеріне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 млн теңге, ал қайтыс болған жағдайда 10 млн теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік төлем жасауға шешім шығарған. Үкімет шешімінің лимиті 20 млрд 438 млн теңге немесе 47,5 млн АҚШ долларына шаталған екен. Жеті айға жетпей президент пен премьер сөзінен айнып, 20 қазан күні сертінің күшін жойды.

Қазан айының өзінде 9,5 мың қазақстандықтың ауруға шалдыққанын, індеттің сары және қызыл аймақтары көбейгеніне қарамастан, ДенМин осы райынан қайта қойған жоқ.

Есесіне мамандар қызмет барысында ауырған жағдайда медициналық ұйымдар (кәсіподақтар) мен жергілікті атқарушы органдар «ықыласына» қарай қолдау көрсетуі мүмкін екен. Бірақ «керек я міндет» емес. Әр аймақ өзінше шешеді.

Екі бірдей жәрдемақының «жүрегі тоқтағанымен», пандемияға қарсы күресқа тартылған медицина қызметкерлеріне жалақысына қоса үстемақы төлеу жалғаса береді. Олардың тарификациясы төмендегідей:

  • 1 топ (аса қауіпті) – реанимация бөлімшелері мен инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлерінің әрқайсына айлық жалақыдан бөлек 20 ЖТМ (жалақының ең төменгi мөлшерi – QT) немесе 850 мың теңге үстемақы төленеді;
  • 2 топ (қауіптілігі жоғары) – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігеріне, орта және кіші медицина қызметкеріне айлық жалақыдан бөлек 10 ЖТМ немесе 425 мың теңге үстемақы төленеді;
  • 3 топ (орташа қауіпті) – карантин стационарындағы және  санитарлық дәрігер, орта және кіші медицина қызметкер, жедел жәрдем жүргізушісі, зертханашыға және т.б. айлық жалақыдан бөлек 5 ЖТМ немесе 212 мың теңге үстемақы төленеді.

Құқықтық талап бойынша медқызметкер ауырғанын дәлелдеуге кемінде 40 құжат жинауы міндеттелген еді. Жергілікті комиссиялардың жұмысы баяулаған. Медицина қызметкерлеріне өтемақы және үстемақы төлеуге жауапты ведомстволар – ДенМин мен ЕңбекМин өтінімді тіркеу және төлем тағайындау жұмысында сылбырлық танытып, созбұйдаға салғандықтан парламент депутаттары және қоғам тарапынан қатаң сынға ұшыраған.

Күзде наразы дәрігерлердің шағымынан кейін Тоқаев «үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезінде әлі күнге дейін бюрократиялық тосқауылдар барын» мойындаған. Ол «Медицина қызметкерлері өзіне тиесілі ақшаны өтініп сұрамауы тиіс» деп, үкіметке тапсырған соң ғана төлеу процесі жылдамдағандай болды.

"The Qazaq Times"