АҚШ-Қытай сауда соғысы өз алдына, енді Қытай мен Аустралия арасында да сауда соғысы қыза түсуде. Қытай Аустралиядан импорт етілген өнімдерге шектеуді күшейте бастады.

Қытай – Аустралияның ең үлкен сауда серіктесі, Аустралияның экспортының басым көбін ұстайды. Қазіргі сауда және дипломатиялық қайшылықтарға байланысты Қытайдың бірқатар ведомстволары қытайлық сатып алушыларға Аустралияның көмір, мыс, арпа, шарап, қант, ағаш және теңіз шаяны секілді өнімдерін алмауға шақырды.

Аустралияның үкімет жетекшілері Қытайдың бұл қадамы дағдарысты өршітеді деп бағалады. Аустралияның сауда, туризм және инвестиция министрі Саймон Бирмингем Бейжің Аустралияға қарсы қысым түсіру үшін келісімдерді де бұзып жатқанын айтты.

Ауылшаруашылығының үштен бір бөлігі Қытайға экспортталады. Күн сайын шиеленісе түскен қайшылықтар екі ел арасындағы сауда қатынасына нұқсан келтіреді деп санайтындар көп. Бұл күнде Бейжің мен Канберра арасындағы қарым-қатынас соңғы он жылдықтағы ең нашар деңгейге түсті.

Әйтсе де, Аустралия-Қытай сауда соғысы әсер етпеген сауда тауары –  темір рудасы бар. Аустралияның темір рудасы Қытайда мейлінше сұранысқа ие, Аустралиядан келетін миллиардтаған доллар құнындағы темір рудалары Қытайдың ауқымды инфрақұрылымы мен тұрғын үй жобаларының маңызды шикізаты. Соған сай, аустралиялық BHP  және Rio Tinto сынды екі ірі ресурстық компаниялар Қытайдың нарыққа тәуелді болып қалған.

Дегенмен, сарапшылар аталған ірі компаниялар бұндай жағдайда Қытаймен жұмыс істеудің саяси тәуекелін қайта бағалауы мүмкін деп қарайды. Егер аталған компаниялар Қытайға темір рудасын шығарудан бас тартса Қытай бұл сауда соғысында ырықсыз орынға түспек. Қытайдың Африка мен өзге аймақтардан жеткізетін темір рудалары Аустралияның орнын толтыра қомақ емес.

“The Qazaq Times”