АҚШ-та бюллетеньдерді санау әлі де жүргізіліп жатыр. Әзірге, республикашыл Дональд Трамп 214, ал демократ Джо Байден 264 дауыс нәтиже көрсеткен.

Қазір барлық назар Невада, Солтүстік Каролина, Аризона, Висконсин, Джорджия және Мичигандағы санақ барысына аударылған. Себебі Джо Байден де Дональд Трамп та аталған штаттарда бір-бірінен аса алшақтай қоймаған.

Мичиган мен Висконсинде сәл басымдыққа ие болып тұрған Джо Байден үшін Невада мен Аризона штатында қажетті ұпай жинау жеңіске әкелуі мүмкін. Алайда Дональд Трамп кей штаттарда заңбұзушылықтардың болғанын алға тартып, өзінің жеңіске жететінін айтуда.

Ал аталған штаттардың кейбірінде санақ әлі бірнеше күнге жалғасуы мүмкін. Пенсильвания мен Аризона билігі бюллетеньдерді санау бүгін аяқталуы мүмкін. Ал Невада қарашаның 12-і күні, Джорджия заң бойынша сайлаудан кейін 10 күннің ішінде жариялауы тиіс.

Америкадағы сайлау жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Халық президентті тікелей сайламайды. Яғни «бір адам – бір дауыс» ережесі қолданылмайды. Ақ үй басшысын Таңдаушылар коллегиясының мүшелері анықтайды. Олардың жалпы саны – 538. Әр штаттың халық санына сәйкес іріктеледі. Үміткердің қайсысы болмасын, белгілі бір штатта жеңіске жетсе, осы штат таңдаушыларының барлығы сол үміткер үшін дауыстарын беруге тиіс.

Бұл ереже тек шағын Мэн және Небраска штаттарында қолданылмайды. Жеңіске жету үшін үміткер 538 дауыстың кем дегенде екі жүз жетпісін жинауы қажет. Сондықтан кейде халықтың көпшілігі дауыс берген үміткер президенттік орнынан қағылуы мүмкін. Соңғы сайлауда тап осындай жағдай тіркелген еді. Хиллари Клинтон көп дауыс жинағанымен, штаттар таңдаушыларының дауыстары бойынша артта қалды. Сырттан бұл жүйе тым күрделі көрінуі мүмкін. Алайда АҚШ дербес штаттар одағы ретінде құрылғанын ескеруі керек. Яғни іс жүзінде федерация басшысы сайланады.

"The Qazaq Times"