Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жердің шетелдіктерге сатылмайтынын, алайда барынша тиімді пайдаланылуы қажеттігін баса айтқаны белгілі. Бұған қатысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әкімдікте өткен жиында «жер ешкімнің әкесінен қалған мұра емес» деп нақты ұстанымын білдірген болатын. Аймақ басшысы тіпті игерусіз жатқан жерлердің иесі кім болса да мемлекетке кері қайтаруды құзырлы мамандарға тапсырған. Мұндай талапты тапсырма бай-манаптардың қабырғасына батып, жон терісіне шоқ басқандай болғаны даусыз.

Жамбыл облысы әкімдігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, жыл басынан бері жүргізілген тексерістер талай сұмдық пен қулықтың бетін ашқан екен.

«Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына орай, биыл игерусіз жатқан 70 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Қазіргі таңда басқарма бұл міндетті 86 пайызға орындап, 60 мың гектар жерді қайтарып отыр. Одан бөлек, Шу ауданында 13 474 гектар жер заңсыз берілгені анықталып, қазіргі таңда мемлекетке кері қайтарылды. Сонымен қатар 1 100 гектардан аса жерге қатысты басқарма тарапынан сотқа талап-арыз жолдануда»,  - дейді басқарма мәліметінде.

Жалпы, Шу ауданында заңды белден басып, жерді заңсыз иемдену ашықтан-ашық жүргізілген. Олай дейтініміз – ағымдағы жылдың 24 шілдесі күні жер конкурсы өткізіліп, 308 өтінім қаралады. Комиссия мүшелері 107 жер учаскесі бойынша 85 адамды жеңімпаз деп таниды. Алайда арада апта өтпей, аталған комиссия шешіміне қатысты 8 арыз келіп түсті. Оның біреуі – ұжымдық арыз. Мамандарымыздың тексеруінің нәтижесінде көптеген өрескел бұзушылық анықталды. Сондай-ақ 1 500 гектарға жуық жер тамыр-таныстықпен берілгені белгілі болды. Оның ішінде комиссия мүшесі бола тұра өзінің баласына немесе анасына жер алып берген фактілер бар.

«Мәселен, Шу ауданы Шоқпар ауылдық округінің әкімі комиссия мүшесі болып өз баласына жер алып берген. Мемлекеттік қызметкерлердің жақын туыстары жер алмасын деген заң жоқ. Алайда өзінің туысы болғандықтан, округ әкімі мемлекеттік қызметтің тәртібі бойынша баласының өтінімін бағалаудан бас тартуға міндетті еді. Бірақ әкім өз баласына дауыс беріп, жерді иеленуіне қолғабыс етіп отыр. Сол секілді комиссия мүше болмаса да, аудандық мәслихат хатшысының комиссия отырысында отырып, соңы оның баласы жер алу фактісі тіркелді. Осы сияқты 107 қаулының заңсыз шығарылғанын дәлелдеп, біз қаулылардың күшін жою және бұзушылыққа жол берген жауаптыларды жазаға тарту туралы ұсыным бердік. Алайда аудан әкімі тек бір маманды ғана жазалағаны туралы жауап жолдады. Біз мұнымен келіспей, мемлекеттік қызмет нормасын бұзған ауылдық округ әкімі мен комиссия отырысында заң бұзушылықтарға жол берген комиссия төрағасын жазалау туралы қайта ұсыныс жолдадық», – деді басқарма басшысы Әбілхайыр Тамабек.

Әбілхайыр Ғалымұлы комиссия төрағасының кеңес қағидасын бұзғаны видеоға анық түсіп қалғанын айтады. Демек, аталған факті бойынша Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров нақты шешім қабылдағаны жөн. Әйтпесе, «жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың ұшы аудан әкімі жағынан шығып тұр ма?» деген ой тууы мүмкін. Жуырда басқарма мамандары Жамбыл ауданына да тексеріс жұмыстарын жүргізіп, 10 мың гектарға жуық жер бойынша құқыққа сыйымсыз қаулылар қабылданғанын анықтаған. Аталған факті бойынша қазір аудан әкіміне бұзушылықтарды жою бойынша нұсқама жолданған. Оларға олқылықтың орнын толтыруға 1 ай уақыт беріліп отыр. Бұдан бөлек, мамандар Қордай ауданына да зерделеу жұмыстарын бастаған. Сондай-ақ жыл соңына дейін Байзақ ауданы да тексерістен өтеді деп күтілуде. Биылға осы үш аудан межеленсе, келер жылы қалған аудандардың да жер мәселесі майшаммен қаралмақ. Ал биыл жалпы 90 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады деп күтіліп отыр.

Жалпы, Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы конкурсты өткізу комиссиясының жұмысын ғана тексеруге құқылы екен. Сондықтан мекеме қаулыны жою туралы жергілікті билікке ұсыным ғана бере алады. Егер аудан әкімі бір айдың ішінде нұсқаманы орындамаса, онда анықталған заңбұзушылықтар сотқа жолданады. Бірақ сот процесі басталғанға дейін де басқарманың басшысынан бастап, мамандарына дейін қоқанлоқы көрсетіп жататындар аз емес көрінеді.

«Президенттің жастар кадрлық резервінен басқарманың басшысы қызметіне тағайындалған осы 9 ай ішінде Жамбыл облысында қарапайым адам жоқ па деген ойға келдім. Себебі осы мерзім ішінде мені қорқытқандар да, тіпті жұмыс орныма келіп қоқанлоқы көрсеткендер де аз болмады. Бәрінің әйтеуір «көкесі» мен «жәкесі» бар. Бірақ жұмысымызды облыс әкімі Бердібек Машбекұлының өзі қолдап, нақты тапсырмасын беріп отырғаннан кейін біз ештеңеден тайсалмаудамыз. Осы таңға дейін кәсіпкерлік мақсатта берілген жер учаскелерін тексеру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген екен. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жолға қойып, жыл басынан бері игерусіз жатқан 40 кәсіпкерлік нысан иелеріне 1 жылға нұсқама беріп, жер салығын он есе ұлғайту бойынша салық басқармаларына хат жолдадық. Игерусіз жатқан кәсіпкерлік жер учаскелерін қайтару бойынша 5 іс сотқа жолданса, оның 2-де жеңіп шықтық. 3 іс сотта қаралуда. Осы нысандардың қожайындарының да араға адам салып, мәселені жауып тастағысы келгендері болды. Ол аз десеңіз – бір ауданды тексере барсақ, жауапты мамандар құжаттар топтамасын жасырып, заңсыздықтарын көрсетпеуге тырысады. Олармен біз заң шеңберінде жұмыс істейміз», – деді басқарма басшысы.
Міне, осылайша облыстық Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы ешкімнің басынан сипамауда. Әрине, «тура биде туған жоқ» екені түсінікті. Десе де, шындық шенділерге жақпайтыны тағы белгілі.

Басқарма басшысы аудандардағы негізгі мәселе жердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту, тапсырылған жер учаскелерін мемлекеттік меншігіндегі бос жерлермен заңсыз айырбастау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді өзге мақсатта пайдалану сынды мәселелер жиі болатынын айтады. Ал Тараз қаласы әкімдігінің қабылдаған шешімдерін тексеруге басқарма құзыретті емес. Мұнымен Жер ресурстарын басқару комитеті айналысады. Десе де, егер жергілікті билік заңбұзушылықтарды анықтап берсе, басқарма шара қолдануға құқылы. Жыл басынан бері Тараз қаласы әкімдігінен жолданған ұсынымдар негізінде бүгінде жаза басқандар лайықты жазасын алған.

Әрине, мемлекеттің жері әркім келіп бармағын батыратын майшелпек емес. Бұл – еліміздің қазынасы. Ал мемлекет мүлкіне заңсыз қол салу қылмыс саналады. Осыны аудан әкімдері мен жауапты мамандар түсінбей отырғанына таңбыз. Ақиқатына қарайтын болсақ, басқарма судың бетін қалқып еді, біраз былық бетке шықты. Егер түп тамырына үңілсек, талай басшылар мен шенділердің шектен шыққан тірлігі әшкере болатыны хақ. Осыдан сезіккен дөкейлер қазірден қысым көрсетіп жатқаны «сасқан үйректің…» керін келтіріп тұрғаны тағы ақиқат.
«Әділін айтсаң, ағайынға жақпайсың» деген дана қазақ. Алайда шындық жоқ жерде сұмдықтың көбейетіні белгілі. Сондықтан басқарманың жұмысын бұқара бас бармақпен бағалайтыны даусыз. Әйтеуір, шындықтың отын үрлегендер шоғына өздері күйіп қалмасын деп тілейік…

Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы

"The Qazaq Times"