Украинада өткен жергілікті сайлауда Зеленскийдің «Слуга народа» партиясы жеңілді. Былтыр басымдыққа ие болған президенттің партиясы сарапшылар тарапынан «идеологиясы мен нақты бағыты жоқ популистік партия» деп бағаланған. Бұл – бүкілхалықтық сауалнама нәтижесінде рейтингі 50%-ға төмендеген Зеленский үшін үлкен сын.

Бір жыл бұрын Жоғарғы Рада парламентінде Зеленскийдің партиясы халықтың қолдауына ие болып, 450 депутаттың 248-і дәл осы «Слуга народа» партиясы атынан сайланған. Сол жылы кезектен тыс парламент сайлауында аталған партия 54%-бен басым түскен. Бұл жолы Зеленскийдің партиясына қатты қолдау көрсетілген жоқ. Керісінше, қала мэрі Кличконың өзі 51% дауыс жинап, алдыңғы орынға шықты. Оның «Удар» партиясы 22%, экс-президент Порошенконың партиясы 18,30% дауыспен алдыңғы орынды бөлісті. Ал үшінші орында 10% дауыс жинаған Зеленскийдің «Слуга народа» партиясы тұр.

Сайлау кезінде президент кеңесі бүкілхалықтық сауалнама жүргізген. Сауалнамада бес сұрақ қойылды:

  • Донбаста еркін экономикалық аймақ құруды қолдау-қолдамау мәселесі;
  • Жоғарғы Рада депутаттарының санын 450-ден 300-ге дейін төмендету;
  • ірі көлемдегі парақорлық үшін бас бостандығынан өмір бойына айыру тәртібін енгізу қажеттігі;
  • Будапешт меморандумымен (Украинаның ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылуына байланысты қауіпсіздік кепілдігі жөніндегі мемлекетаралық құжат) анықталған қауіпсіздік кепілдігі мәселесін халықаралық деңгейге шығару;
  • каннабисті (есірткі) заңдастыру.

Нәтижесінде, халықтың 70%-ы билік саясатына көңілі толмайтынын айтқан. Қазіргі президент Зеленскийдің де рейтингі айтарлықтай төмндеген.

Жергілікті сайлауда Украинаның 24 облысы мен ауыл-аймағында жергілікті мәслихат депутаттары, қала мен ауылдың әкімдеріне жалпыхалықтық дауыс берілді. Орталық Сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылардың 37%-ы ғана жергілікті сайлауға қатысқан.

Донбасстың Киев бақыламайтын бөлігінен басқа, сайлау учаскелері барлық аймақта жұмыс істеді. Халық 22 облыстық кеңестің, 381 қалалық кеңестің, 136 аудандық кеңестің, мыңнан астам ауылдық кеңестердің депутаттарын, сондай-ақ көптеген қалалардың әкімдерін, ауылдар мен кенттердің басшыларын сайлады.

Сахнадан саясатқа

Былтыр Украинада өткен президент сайлауында Владимир Зеленский 73,22% дауыспен жеңіске жетті. Оның «Слуга народа» партиясы да басым түскен. Алайда бір жылдан кейін «Жыл саясаткері» атанған Зеленский мен «Слуга народа» рейтингі күрт төмендеді. Экс-президент Порошенкомен өткен дебатта саяси біліктілігін көрсетіп, «елімді ресейлік агрессиядан арашалаймын» деп уәде берген жас саясаткер басқаруында мемлекетте қандай өзгерістер орын алды? Шолу жасап көрелік.

Донбастағы соғысқа нүкте қойылған жоқ, бірақ тұтқындар алмастырылды

Украина шығысындағы соғысты тоқтату – Зеленскийдің бір жыл бұрын алдына қойған ең негізгі жоспары болатын. Владимир Зеленский президенттік науқан кезінде «Оқ атуды тоқтатамыз» десе де, Украинаның шығысындағы әскери қақтығысты аяқтай алмады.

Қазір Донбаста ауқымды әскери операциялар жүргізілмейді, бірақ 4 миллион тұрғынның тағдыры әлі де «қыл үстінде». Зеленский Киевте екіұшты қабылданған «Штайнмайер формуласы» туралы келісімнің арқасында ұзақ уақыттық үзілістен кейін «Норманд форматын» жандандырып, Париж саммитінде Владимир Путинмен жеке кездесті. Украина мен Ресей басшыларының арасындағы диалог нәтижесінде бірнеше тұтқынды алмастыру туралы келісімге қол қойылды.

Алайда Киев пен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас оңалған жоқ: екі ел арасындағы әуе қатынасы қалпына келтірілмеді, дипломатиялық байланыс төмен деңгейде және Зеленский ресейлік «Вконтакте», «Одноклассники» әлеуметтік желілерінің Украинадағы жұмысына тыйым салу мерзімін ұзартты.

Саннан сапаға: Конституциядағы өзгерістер

Былтыр қыркүйекте Зеленскийдің тарсырмасымен ел Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді.

Біріншіден, Конституцияда жазылған «парламент депутатын тұтқындауға немесе Раданың келісімінсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды» деген мәтін маңызын жойды;

Екіншіден, «саннан сапаға» ұсынысына сәйкес, рада депутаттарының саны 450-ден 300-ге азайды. Сонымен қатар, әр депутат мемлекеттік тілді жетік меңгеруге міндетті;

Үшіншіден, Парламентке қоғам өмірінің түрлі салаларында заңдар мен Конституцияның сақталуын қадағалайтын уәкілдерді тағайындау құқығы берілді;

Төртіншіден, Рада шенділері талаптарды бұзып, қызметіне селқос қараған жағдайда, депутаттық мандатынан айырылады;

Бесіншіден, билік жүргізу кезінде халықтың рөлін бір сатыға жоғарылату. Алтыншыдан, президент тәуелсіз, еркін ұйымдар құрып, Ұлттық антикоррупция және Мемлекеттік зерттеу бюросының басшысын сайлау, отставкаға жіберу құқығына ие болды;

Жетіншіден, Конституция халық депутатына дауыс беру нәтижесі немесе Жоғарғы рада мен оның органдарында айтқан сөзі үшін заң алдында жауапқа тартылмайтындығына (ар-намысқа тию немесе жала жабуды қоспағанда) кепіл береді.

Трамппен жанжалға ілікті, бірақ нәтиже – оң

Владимир Зеленский Дональд Трампқа импичмент жариялау кезіндегі негізгі фигуралардың біріне айналды. Ақ үй басшысына импичмент жариялауға асыққан Демократиялық партия өкіледері «Трамп Украинаны сайлауда оның ықтимал қарсыласы Джо Байденге қарсы қылмыстық іс қозғауға мәжбүр етіп, Зеленскийді қорқытты» – деді.

Әлем басылымдарында күнделікті тақырыпқа айналған саяси қақтығыста қос тарап та «судан құрғақ» шықты: Зеленскийдің Трамппен байланысына аса нұқсан келген жоқ, Уашингтон Киевті санкция тізіміне қоспады. Қазір Зеленский бұл оқиғаны қалжыңға айналдырып, «осы жанжалдан кейін кез-келген америкалық Украинаны әлемнің саяси картасынан таба алатын болды» – дейді.

"The Qazaq Times"