Қазақстан пандемияның болжалды күзгі толқынына дайындықты күшейте бастағандай. Мұның саяси астары бар ма? Арада бір жұма өтпей Маңғыстау облысының бас санитар-дәрігері Ғазиз Надуев 23 қазаннан бастап аймақта карантин шектеулері жеңілдейтінін мәлімдеді.  

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жариялаған қаулыға сәйкес, эпидемия  жағдайының тұрақталуына байланысты өңірдегі көпшілікке арналған тамақтану орындарының жұмысы 21:00 ден 22:00 дейін ұзартылады. Бірақ адам сыйымдылығы 30 адамнан аспауы қажет. Сонымен қатар, жеке орналасқан сауда алаңдарына 22:00-ге дейн жұмыс істеуге рұқсат етілді. Діни нысандардың жамағат жимай жұмыс істеуіне рұқсат. Спорт орталықтары, оның ішінде фитнес орындары жаттығушылар саны 30 пайыздан асырмау талабымен жұмысын жалғастырады. Мектепке дейінгі білім беру орталықтарының кезекші топтарына қойылған шектеу алынды. Бірақ әр топта 15 баладан аспауы қажет. Пандемия басталғалы дағдарыстан көз ашпай, тұралап қалған кинотетарлар алдағы дүйсенбіден  шектеу және санитарлық талаптармен жұмысын қайта бастамақ. Жұмыс күндері сағат 22:00-ге; сенбі күні сағат 17:00-ге дейін кинозалдар үштен бір бөлігін көрермен толтыруға рұқсат етілгенімен, – жексенбі жабық болады.

Бірақ көптен бері қызметі шектелген ойын-сауық мекемелері, бала-бақша, компьютерлік клубтар, қосымша білім беру орталықтарына қатысты шектеу ережелері өзгерген жоқ.

Осылайша өткен сейсенбі, 13 қазан күні енгізілген шектеу біршама жеңілдемек. Кейінгі кездері Қазақстан Үкіметі және Ведомствоаралық комиссия пандемия жағдайына байланысты логика қисынына келмейтін кереағар шешімдер шығарып келеді. Мәселен, азаматтық қоғам белсенділерінің бейбіт жиын өткізуіне шектеу қойылып, бірақ сағаттап кинотетарларда фильм тамашалауға мүмкіндік берілмек. Сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылар мұның себебін қаңтар айына жоспарланған Мәжіліс және Мәслихаттар сайлауымен байланыстырады.

Өткен аптаның бейсенбісінен бері республиканың әр аймақтарында карантин ережелері жаңартылды. Қазанның 15-і СҚО, Ақмола, Атырау облыстары мен Алматы қаласында, ал 16 қазан БҚО, Павлодар, ШҚО өңірлері және астанада, 17-сі Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарынеда, 19 қазан Қостанай, 21 қазан Ақтөбе, 22 қазан БҚО аймақтарында карантин шаралары күшейген.

"The Qazaq Times"