Брюссельде Еуропалық одақтың кезекті саммиті өтті. Брюссельдегі екі күндік саммит Brexit тақырыбына арналғанымен, кездесуде Ресей мен басқа да елдерге қарсы санкция мәселесі қарастырылды.

Al Jazeera мәліметінше, саммит қорытындысында Еуроодақ Сүрияда жақында ғана тағайындалған 7 министрді қара тізімге енгізді. Алексей Навальный ісіне қатысты 6 ресейлік шенеунік пен бір ғылыми-зерттеу институтына санкция енгізді. Ал Түркияның Жерорта теңізінің шығысында геологиялық жұмыстарды қайта бастауына қатысты мәселені желтоқсандағы кездесуде талқылау туралы шешімге келді.

Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишель: «Желтоқсанда өтетін саммит барысында Жерорта теңізінің шығысы мен Түркия мәселесін қарауды жоспарлап отырмыз. Оған дейін аймақтағы жағдай жіті қадағаланып, тараптардың әрекеті үнемі бақылауда болады», – деді.

Сонымен қатар ЕО елдері басқосуда Ұлыбританиямен сауда келісімшартын бекітуі керек еді. Алайда тараптар тағы да ортақ шешімге келе алмады. Кездесуде өзге де сыртқы саясат мәселелері мен Еуропадағы коронавирус індеті талқыланды.

Басқосудың басты тақырыбы – Еуроодақ пен Біріккен Корольдік байланысы. Сарапшылар Еуроодақ келісмшартсыз сценарийге де дайындалу қажет дейді. Осы мақсатта Одақтың бас мәмілегері Мишель Барнье Лондонға тағы сапар шегеді.

Германия канцлері Ангела Меркельдің айтуынша, Ұлыбритания да, Еуроодақ та ортақ келісімшартқа қол қою керек деген мақсатты ұстанбайды. Бірақ тараптар ортақ шешімге келе алмаса басқа жолды таңдап алуы керек.

"The Qazaq Times"