Израиль халқы үкімет басшысының отставкасын талап етті. Мәліметтер бойынша, шерушілер Биньямин Нетаньяху коронавиустың екінші толқынын тоқтату үшін дер кезінде қимылдамады және жемқорлық жасады деген айып тағып отыр.

Таяуда билік елде 4 аптаға созылған карантин аяқталғанын хабарлаған. Кейіннен жүздеген адам премьер-министр резиденциясының алдына жиналды. Наразы жұрттың айтуынша, әлемде коронавирустың екінші толқыны белең алған тұста, Израиль билігі карантин талаптарын жеңілдеткен. Мұның арты науқастар санының қайтадан артуына себеп болуы мүмкін.

Шеруден соң халыққа үндеу жасаған үкімет басшысы екінші карантин нәтижелі болғанын, елде вирус жұқтыру дерегі төмендегенін айтты. Дегенмен тұрғындар шектеу талаптарын орындамаса, елде үшінші рет карантиндік шаралар қабылданады.

Израильде індет таралғалы 300 мыңнан астам адам дертке шалдығып, 2 мыңнан аса науқас қайтыс болған. Осыған дейін мыңдаған адам Нетаньяхудың отставкасын талап етіп, бірнеше мәрте шеруге шыққан болатын.

Негізінен Израильде жалпыұлттық карантин 18 қыркүйекте енгізілген еді. Сол уақыттан бері бір күндік өсім 9 мыңнан 2 мыңға дейін төмендеген.

"The Qazaq Times"