Қызмет өкілеттігін асыра пайдаланып істі болған Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов сот шешімі бойынша еңбекке тартылмайтын болды. Себебі...

«Ирбис TV» телеарнасының хабарлауынша, нағашылық рақымын танытамын деп үш жарым жылға бас бостандығы шектелген бұрынғы әкім қоғамдық жұмысқа жегілмейді. Өзінің суретін миллиондарға саудалаған аукцион кеші мен ұсталды-ұсталмады деген алагеуім ақпардың дүрмегінен атышулы шенеунікке айналған әкім биыл шартты мерзімге сотталған еді. Үкім бойынша «шенін асыра пайдаланған» шенеунік жыл сайын 100 сағат жұмыс істеуі керек. Аймақтық ақпарат құралының дерегіне қарағанда, Бақауов өзіне лайықты жұмысқа орналасқан.

«Сотталған азамат бекітілген мекен-жайы бойынша Павлодар қаласының пробация қызметінде есепте тұр. Заңнамаға сәйкес, жұмысқа орналаспаған сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылады. Алайда бұл азамат жұмыспен қамтылған. Мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Жеке ісінен ақпаратты жариялауға болмайды», – деген Павлодар облысы ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Абдуғалиева өңірлік арнаға берген пікірінде.

Бұған дейін 16 қаңтарда ұсталған Болат Бақауовқа Қылмыстық Кодекстің 362-бабы 4-ші бөлігі үшінші пункті бойынша қылмыс жасады айып тағылған. Нәтижесінде Бақауов бостандықта қалды, бірақ үш жарым жылға бас бостандығы шектеліп, 100 сағат қоғамдық жұмыстарды атқаруы тиіс еді.

Ашық дереккөздегі мәліметтерге сенсек, Болат Бақауов кінәсін толық мойындағаннан кейін прокурормен келісімге келген. Істегі дерекке сәйкес, Бақауовтың жиеніне тиесілі фирма 200 миллион теңге салық төлемеген. Әкім салықшылардан бұл соманы 40 есе азайтуды талап еткен. Бір апатадан кейін қоғамдық резонанс тудырған іске байланысты президент Тоқаев «атышулы әкім» Бақауовты қызметінен босатқан. Азаматтық қоғамда шенеуніктердің жемқорлық, қызметін асыра пайдалану айыптарымен соттала тұра көп өтпей әртүрлі құқықтық актілердің көмегімен босап шығуына наразылық аза емес. «Солқылдақ заң сотталған шенеуніктердің қолайына жағады» дейді белсенділер.

"The Qazaq Times"