Сейсенбіде Қытай еш кедергісіз БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болды. Оның қатарында Ресей мен Кубада бар. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұны «Қаралы күн» деп атады.

БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесіне сайланған елдер өз елінде және одан тыс жерлерде «адам құқықтарын ілгерілету мен қорғаудың жоғары стандарттарын ұстануға» міндетті. Трамп әкімшілігі БҰҰ-ның бұл кеңесінен 2018 жылы шығып кеткен болатын. Кеңесті адам құқығын өрескел бұзған елдерді де құрамына қосқаны үшін айыптап келген.

АҚШ Мем.хатшысы Майкл Помпео кеңесті құрамына «авторитарлық режимдегі елдерді қабылдағаны» үшін айыптап мәлімдеме жасады. Ол сөзінде АҚШ-тың БҰҰ-ға мүше елдерді аталған кеңесті қайта реформалауға шақыратынын айтты.

«Өкінішке орай, бұл шақырулар еленбеді. Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы тағы да адам құқықтары туралы қорқынышты тарихы бар елдерді, соның ішінде Қытайды, Ресей мен Кубаны сайлап отыр», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің штаб-пәтері Женевада орналасқан және оған 47 мемлекет мүше. Бұл рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында  Адам құқығы жөніндегі кеңестің 15 жаңа мүшесі жасырын дауыс беру арқылы сайлады. Олар: Боливия, Ұлыбритания, Қытай, Куба, Франция, Габон, Кот-д’Ивуар, Малави, Мексика, Непал, Пәкістан, Ресей, Сенегал, Украина және Өзбекстан. Олардың үш жылдық мерзімі 2021 жылдың 1 қаңтарында басталады.

“The Qazaq Times”