Жапония премьер-министрі Ёсихидэ Суга Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен кездесуден бас тартты. Kyodo ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұған Токио мен Сеул арасындағы елеулі қайшылықтар себеп болған.

Екі ел басшылары қатысатын жиын экономикалық ынтымақтастық пен басқа да өңірлік проблемаларды талқылау үшін 2008 жылдан бастап жыл сайын өткізіледі. Биылғы жылы жиналыс Сеулде өтуі керек еді. Алайда премьер Суга Сеул Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапон кәсіпорындарындағы корей жұмысшыларының еңбегін мәжбүрлеп пайдалану мәселесі бойынша ұстанымын өзгертпейінше, Мун Чжэ Инмен ешқандай келіссөз жүргізбейтінін айтты.

2018 жылы Оңтүстік Корея соты «Nippon Steel» ірі жапон металлургия корпорациясына құлдыққа пайдаланылған жұмысшылардың ұрпақтарына өтемақы төлеуді бұйырған. Аталған компания Үкіметтің кеңесі бойынша бұл ұсыныстан түбегейлі бас тартты және компанияның Оңтүстік Кореядағы мүлкі тәркіленді. Токио мұны 1965 жылғы екіжақты келісімдердің өрескел бұзылуы деп санайды.

Сеул Токиомен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан кезде Кореядағы жапондық отаршылдық үстемдікке қатысты барлық материалдық шағымдардан бас тартты. Оның орнына Жапония үкіметі Оңтүстік Кореяға жеңілдік шарттарымен ірі қаржылық көмек көрсетті.

"The Qazaq Times"