Еуропалық одақ Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков республикадағы жағдайды тұрақтандыру үшін жеткілікті ресурстарға ие деп санайды. Бұл туралы ЕО дипломатиясының басшысы Жозеп Боррелдің мәлімдемесінде айтылған.

Еуроодақ Жээнбековке қайта парламенттік сайлауды ұйымдастыруға көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Боррельдің мәлімдемесінде: «ЕО Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбековтің билігін мойындайды және Мемлекет басшысының институты елдегі жалғыз заңды билік деп санайды. Біз Жээнбековтың Қырғызстандағы тұрақтылыққа бейбіт диалог арқылы қол жеткізетінен сенеміз», – делінген.

4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтті. 6 қазанға қараған түні сайлаудан кейін Парламентке өте алмаған партия өкілдері Бішкекте наразылық шеруін ұйымдастырып, мемлекеттік органдардың ғимараттарын басып алды. Сол күні экс-президент Алмазбек Атамбаевты және басқа да бірқатар саясаткерлерді тергеу изоляторынан шығарды. Елдегі тұрақсыздықтан кейін ОСК сайлау қорытындысын жарамсыз деп таныды. Бішкекте төтенше жағдай жариялаған президент Сооронбай Жээнбеков партия басшыларын саяси процесті құқықтық арнаға қайтаруға шақырып, Үкімет пен премьер-министрдің отставкаға кетуі туралы Жарлықтарға қол қойды.

Кеше Сооронбай Жээнбеков Бішкек қаласы аумағында қайтадан төтенше жағдай енгіген. Оған парламенттің бұған дейін осындай тәртіп енгізу туралы шешімді үш күн бойы қарастыруы себеп болған. Құжатта тәртіп қалада тәртіпсіздіктер белең алып, адам өміріне қауіп күшейгендіктен, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау үшін қолға алынғаны айтылған. Төтенше жағдай кезінде көшеде шеру, ереуіл және өзге де іс-шаралар өткізуге тыйым салынған.

"The Qazaq Times"