Қазақстанда 8 қазанда 107 адамнан коронавирус, 241 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды.

#Коронавирус  7 қазан күні коронвирус жұқтырған 154 адам айығып шықса, 3 адам өмірден өткен. Ал жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – астана (17), ШҚО (16), СҚО (14) және Алматы қаласынан (11). Қызылорда облысынан өзге барлық өңірде анықталған ауру көрсеткіші тамыздың соңындағы деңгейге жетіп отыр.

ДенМиннің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 3044 адамның 1950-і ауруханада. Ал қалған 1094 науқас амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 70 өскіншек бала бар. Ахуалы нашар 84 науқастың арасында 13 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 11 науқас жасанды желдету аппаратпен тыныстап жатыр.

Республика бойынша барлығы 108 561 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 103 758 адам. Бұл жалпы науқастардың 90%-дан астамы.

#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, бейсенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 241 адам, 2 өлім жағдайы тіркелген. Тағы 25 адам айығып шыққан. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс қорытынды көрсеткенімен, коронавирус салдарынан қабынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзін бұрмалап, әр он күн сайын жариялауға көшкен. Коронавирус пневмониясының өңірлердегі күнделікті динамикасы белгісіз. Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

#Сөйтсе... Қазақстанда екінші күн қатарынан коронавирус дерегі артып отыр. Ресми дерекке сәйкес, қазан айының сегіз тәулігінде коронавирус жұқтырған 582 адам анықталып, 25 адам қайтыс болған. Дәл осы уақытта коронавирус пневмониясына 1406 адамның шалдығып, 9 адам қайтқан.

Өткен тамыз және қыркүйек айларында Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 17 мыңнан, ал коронавирус пневмониясына шалдыққандар 34 мыңнан асқан. Екеуін қоса есептегенде, кейінгі екі айда індеттен 600-дей қазақстандық өмірден өткен. Сонымен бірге, осы аралықта (тамыз-қыркүйек) ЖРВИ ауруларымен 418 мыңнан, пневмонияның басқа түрлерімен 82 мыңнан астам жағдай тіркелген.

7 қазан кешкісін денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың коронавирус эпидемиясы туралы болжалды сценарийдің үш нұсқасын таныстырған. Оның  айтуынша, болжамға апта сайын түзетулер енгізіліп отырады. Алексей Цой ұсынған пессимистік сценарий бойынша, егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тақса, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында 190 мың адам вирус жұқтырып, 65 мың адамды ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Мұндай жағдайда «желтоқсанның ортасында локдаун енгізілуі ықтимал».

Тағы бір нұсқа реалистік сценариге сәйкес, жұрт арақашықтық сақтап, 70 пайызы маска тақса, қазан-желтоқсанда 90 мыңдай адам вирус жұқтырып, 30 мыңын ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Бұл жағдайда «қаңтарда локдаун енгізілуі мүмкін».

Цой егер жұрттың 100 пайызы маска тағып жүрсе, қатаң карантин болмайтынын, қазан-желтоқсанда шамамен 40 мың адамға вирус жұғып, 15 мың адам ауруханаға түсетінін айтады.

Пандемия кезіндегі модератор ведомствоның басшысы карантиннің басты индикаторы ретінде елдегі ауруханалардың 70 пайызы толса, қатаң локдаун жариялау керектігін мәлімдеді.

Пневмонияның коронавирустық түрінен басқа ауруларымен ауырғандар саны 337 мыңнан асты. Ал 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 108 мыңға, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 34 мыңға жеткен. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 142 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.   Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2700-дейі (КВИ+ / U07.1 – 1 759, КВИ- / U07.2 – 364, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

"The Qazaq Times"