Ел аузында «маусым-шілде қырғыны» аталып кеткен биыл жаздағы пандемияның тұсында жақынын жоғалтпаған жан кемде-кем. Коронавирустан басқа елде қанша адам қандай себептерден қайтқанын анықтау, бұған індеттің әсері бар-жоғын долбарлау мақсатында баламалы және ресми мәліметтерді бірге қарастырып, талдап көрдік. Қазақстан халқының тәуелсіздік тарихындағы «ең қаралы жазда» қанша отандасымыздан көз жазып қалдық?  

Астанадағы жерлеу агенттікттері бірінің бастығы Людмила Юрьевна әуелде, көктемгі ТЖ кезінде, билік коронавирустан қайтқандарды бөлек зиратқа жерлеуге бұйрық бергенін, кейін шешім жүз өзгергенін айтады. Шарықтау шегі мамыр айында 5,5 мыңдай науқас ауырады деген ДенМин-нің болжамы қате болып шықты. Пандемия күрт өршіген «маусым-шілде қырғынында» жер-жерден қаралы хабар қаптап, әлеуметтік желілер некролог жазатын платформаға айналып кеткені көптің есінде. Елордалық тұрғын, қабір қазумен айналысатын Ермен Бақытбек (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді – QT) шілде айының алғашқы жартысында тәулігіне орташа есеппен 10-20 қабір қазғанын айтады.

Салдарынан ауруханалардағы мәйітханалардың алдында кезек қалыңдап, ақыры министрлік санитарлық-гигиеналық нормаларды қатаң сақтай отырып кез келген зиратқа жерлеуге рұқсат берді. Құрбан болғандардың туыстарынан түскен шағым көбейгендіктен бе, жақынының денесін «сатып алып жатқандар» туралы ақпарат жиілегеннен бе, әлде оқшауланған жаңа зираттар қайтыс болғандардың шынайы есебін анықтауға тырысқан ақпарат құралдарына (31 арнадағы  «Сөздің шыны керек», Азаттық радиосының журналистік зерттеулері) «қолжетімді айғақ» болмасын деді ме, үкімет бірден осы шешімге келді. Әркім қал-қадірінше жаназасын өткізіп, жақынын қара жерге тапсырып жатты. Transparency International  халықаралық ұйымының 2019 жылға арналған есебінде жемқорлыққа төзбеушілік индексі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында тұратын елде қауырт шақта әдеттегідей жұрт қажетсінген дүниелердің бағасы шарықтап шыға келді. Құлпытас құнынан бастап ескерткіш тақтайы, жерлеу рәсімі, қабір қазудың ақысы кемінде бірнеше есеге артқан.

Азаттық радиосының зерттеу мәліметіне сүйенсек, бір ғана Тараз қаласындағы «Тектұрмас» және «Жас кілем» зираттарында биылғы «маусым-шілде қырғынында» 637 адам, былтыр дәл осы аралықта 294 адам жерленген. Статистика комитетінің QT-ға берген жауабында Жамбыл облысында 2019 жылы екі айда 1270, биыл маусым мен шілде айларында 2571 адам қайтыс болғаны туралы көрсетілген. Сандарға жіті қарап, айтарлықтай айырмашылық байқауға болады.

Сандар астарлап сөйлейді...

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа шалдығып қайтыс болғандар жөніндегі статистикасында маусымда – 147, шілдеде – 870 адам деп көрсеткен. Енді бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың қыркүйек айында редакцияға берген ресми жауабындағы деректерге назар аударсақ.  2019 және 2020 жылдары 1 қаңтар мен 31 шілде аралығындағы Аурулардың халықаралық жіктелімінде J12-18 кодтарымен белгіленетін пневмонияның барлық түріне шалдыққан және қайтқан қазақстандықтардың саны ойландырмай қоймайды.

Вице-министрдің мәліметінше, пневмониядан маусым айында 628, шілдеде 2149 адам өмірден өткен. Бұл былтырға қарағанда 2,2-ден (маусым) 8,4 есеге (шілде) дейін артық. COVID індеті шыққалы бері қаңтар-шілде аралығында Қазақстанда 256 мыңдай адам пневмониямен ауырған, оның 4 мыңға жуығы қайтыс болған.

ДДСҰ өкілі Майкл Райан 11 шілде күні Қазақстанда күрт өршіген пневмонияны тікелей коронавируспен байланысты екені жөнінде түсіндірме берген. Тіпті айдың ортасында министрлікке (басқа жылдан ерек қарқындағы) пневмония мен коронавирусты біріктіру жөнінде нұсқау жасап, кодын белгілеген. Осыған қарамастан билік індет қарқыны басылғанға, тамыз айының басына дейін «дайындық кезеңін» сылтауратып қоспады. Мыңдаған кейстің ешбірі коронавирустың жалпы статистикасына енгізілмеді. Сарапшылардың 256 мыңдай пневмонияның арасынан коронавирустық түрін ажыратуға болатыны жөнінде талай рет айтса да, министр Алексей Цой командасымен бірге «техникалық жағынан қиын» екенін алға тартты. Тамыз-қазан айларының аралығында дерттің беті қайтқан кезде де министрлік әдеттегіден 3,3 есеге артық пневмония жағдайын  қайта сүзуге көңіл аудармады, әрекет етпеді. Редакция журналисінің сұрағына айтқан жауабында вице-министр Ажар Ғиният Үкіметтің бұл істе құлықсыз екенін екі мәрте кесімді түрде мәлімдеген. Биліктің бұл әрекеті қоғам тарпынан «саяси имидж жолындағы өтірік», «манипуляция» деген сынға ұшырады.

Пандемиядағы өлім өсімін растайтын Статистика комитеті 2018 жылы маусым-шілдеде Қазақстанда 21 809 адам, 2019 жылы осы уақытта 22 708 адам, ал биыл 43 127 адам қайтыс болғанын жариялады. Ресми дерекке сай, пандемия дәуіріндегі «маусым-шілде қырғынында» қайтқандар былтырға қарағанда 20 419 адамға көбірек болған.

Таратып айтсақ,

Мамандар жазғы карантин кезінде медицина саласында жүктеменің артуына және жоспарлы емдеу процесінің тоқтауына байланысты созылмалы аурулары бар әрі тосын жарақат алған жандарға дер кезінде көмек көрсетілмеуі себепті құрбандар санының өсуі мүмкін екенін ескертеді. Редакция осы мәселені нақтылау мақсатында Статистика комитетінен қайтқандардың өлім себептерінің көрсеткішін сұратты. Ресми жауап-мәліметке қарағанда, биыл жазатайым жағдайдан, уланудан, жарақаттан, суицидтен, суға кетуден, көлік апатынан қайтқандар айтарлықтай азайған.

Әртүрлі өмірлік жағдаяттардан қайтқандар қатарының біршама кемуіне карантин шектеуі әсер етуі мүмкін. Дегенмен осы жылы коронавирус инфекциясы енетін тыныс жолдары және тромбоз түзілу жолы қан айналымы жүйесінің ауруларынан көз жұмғандар еселеп көбейген. Биыл жеті айда тыныс алу органдары ауруынан демі үзілгендердің статистикасы өткен жылдардағы жиынтық есепке жуықтаған: қаңтар-шілде аралығында 15 мыңнан астам қайтса, 2019 жылғы он екі айда 16 мың, 2018 жылы 15,8 мың адам көз жұмған. Сондай-ақ, қан айналымы жүйесінің аурулары себебінен қайтыс болғандардың айлық орташа есебі былтыр 2,5 мың, ал биыл 2,9 мыңға жеткен. Және жұқпалы-паразитарлы  аурулардан жеті айда өткен жылды тұтастай алғандағы есептен 755-ке артық адам қайтыс болған.

Ерекше екпін қойып айтатын тағы бір жайт – 2015 және 2019 жылдары тұмау, тыныстау органдарының асқынған аурулары мен пневмониядан 3670-4183 аралығында адам, ал биыл жеті айда аталған дерттерден 7365 қазақстандық қайтыс болған.

Осылайша, сарапшылардың коронавирус инфекциясы дерт қоздырушы фактор ретінде ағзаның созылмалы ауруларға қарсы тұру қабілетін әлсіретіп, өлімге әкеп соқтырады деген тұжырымын шындыққа жанасады деп топшылауға болады. Мұны «вирус мекендейтін» ағза мүшелері ауруынан қайтыс болғандардың саны протопандемия кезеңіне қарағанда әлдеқайда көптігінен аңғаруға болады.

Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі коронавирус (КВИ+ / U07.1) пен оның пневмониялық (КВИ- / U07.2) түріне шалдыққандарды екі бөлек қарастырады. Жиынтық санын сұрағандарға ДенМин өкілі Бағдат Қожахметов калькулятормен есептеуге кеңес береді. Цифрлық даму саласы сәтсіз болғанын президенті мойындаған билік онлайн санағыш ресурс жасай алмаса да,  ДДСҰ сайтында елдегі ауырғандардың саны 142 мыңнан асқаны көрсетіліп тұр. Пневмонияның коронавирустық түрінен (U07.2 / КВИ - диагнозы қойылғандар 34 мыңнан артық) басқа ауруларымен ауырғандар саны 337 мыңнан асты. Ал 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 108 мыңға жеткен. Ресми дерек бойынша, пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2694-і (КВИ+ – 1 756, КВИ- – 362, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған.

*кейбір деректер 12 айға жиынтық есебінде берілді, себебі өткен жылдардағы айлық көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін болмады

*биыл тамыз айындағы статисткика дайын болғанда ақпарат толықтырылады

"The Qazaq Times"