Қазақстанда 7 қазанда 92 адамнан коронавирус, 266 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды.

#Коронавирус  7 қазан күні коронвирус жұқтырған 139 адам айығып шықса, 4 адам өмірден өткен. Ал жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – Шығыс Қазақстан облысында 19 адамнан, Алматы қаласында 10 адамнан. Қызылорда облысынан өзге барлық өңірде анықталған ауру көрсеткіші тамыздың соңындағы деңгейге жетіп отыр.

ДенМиннің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 3094 адамның 1898-і ауруханада. Ал қалған 1196 науқас амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 70 өскіншек бала бар. Ахуалы нашар 87 науқастың арасында 13 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 15 науқас жасанды желдету аппаратпен тыныстап жатыр.

Республика бойынша барлығы 108 454 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 103 604 адам. Бұл жалпы науқастардың 90%-дан астамы.

#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, сәрсенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 262 адам, бір өлім жағдайы тіркелген. Сондай-ақ, 9 адам айығып шыққан. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс қорытынды көрсеткенімен, коронавирус салдарынан қабынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзін бұрмалап, әр он күн сайын жариялауға көшкен. Коронавирус пневмониясының өңірлердегі күнделікті динамикасы белгісіз. Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

#Сөйтсе... Тамыз және қыркүйек айларында Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 17 мыңнан, ал коронавирус пневмониясына шалдыққандар 34 мыңнан асқан. Екеуін қоса есептегенде, кейінгі екі айда індеттен 600-дей қазақстандық өмірден өткен. Сонымен бірге, осы аралықта (тамыз-қыркүйек) пневмонияның басқа түрлерімен 82 мыңнан астам жағдай тіркелген.

Кеше, 7 қазан кешкісін мемлекеттік ақпарат саясатын іске асырушы ресми ақпарат құралдарында денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың коронавирус эпидемиясы туралы болжалды сценарийдің үш нұсқасын таныстырғаны хабарланған. Ол пандемияның Қазақстанда үш сценарий бойынша дамуы мүмкін екенін айтқан. Министрдің айтуынша, болжамға апта сайын түзетулер енгізіліп отырады. Алексей Цой ұсынған пессимистік сценарий бойынша, егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тақса, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында 190 мың адам вирус жұқтырып, 65 мың адамды ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Мұндай жағдайда «желтоқсанның ортасында локдаун енгізілуі ықтимал».

Тағы бір нұсқа, яғни реалистік сценарий бойынша, жұрт арақашықтық сақтап, 70 пайызы маска тақса, қазан-желтоқсанда 90 мыңдай адам вирус жұқтырып, 30 мыңын ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Бұл жағдайда «қаңтарда локдаун енгізілуі мүмкін».

Цой егер жұрттың 100 пайызы маска тағып жүрсе, қатаң карантин болмайтынын, қазан-желтоқсанда шамамен 40 мың адамға вирус жұғып, 15 мың адам ауруханаға түсетінін айтады.

Пандемия кезіндегі модератор ведомствоның басшысы карантиннің басты индикаторы ретінде елдегі ауруханалардың 70 пайызы толса, қатаң локдаун жариялау керектігін мәлімдеді.

ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 142 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2694-і (КВИ+ / U07.1 – 1 756, КВИ- / U07.2 – 362, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

"The Qazaq Times"