Жемқорлық жайлаған Қазақстандағы шенеуніктерге заң бойынша қызметіне қатысты сый-сыяпат алуға, туыстарын жұмысқа орналастыруға, өз кілеттілігін асыра пайдалануға шектеу қойылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне арандату арқылы қолдан қылмыскер жасауға апаратын жолды кесу мақсатында бірқатар құқықтық тетіктер енгізілді. Президент Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңға қол қойды.

Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама едәуір жетілдірілді. Оның көрінісі ретінде сотқа дейінгі тергеу және  жедел-іздестіру қызметінде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер бұдан былай арандату әрекетіне барып, қылмыс үстінде ұстау мақсатында күдіктіге пара бермеуі тиіс.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкер мен оның отбасы мүшелеріне қандайда бір сыйлық немесе тегін қызмет алуға тыйым салынады. Бұл мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын жобаларға жауапты әрі сатып алу операцияларын жүзеге асыратын ұлттық компаниялар мен мемхолдингтердің қызметкерлеріне де қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заңда шенеуніктер енді жақын туыстарын (өзінің және жұбайының/зайыбының) қарамағына жұмысқа орналастыруға түпкілікті түрде шектеу қойылады.

Қазақстанда Ашық үкімет порталы мен мемлекеттік сатып алу (тендер) процестері туралы деректер қолжетімді болғанымен, әлі күнге дейін жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесі мен биліктің, ел өмірінің барлық саласында кеңінен таралғаны жөнінде жиі айтылады. Мұны экс және бүгінгі президенттер, ведомстволар (Қаржы министрлігі, антикоррупция т.б.) ашық мойындайды. Халықтың басым бөлігі өмірінде кемі бір рет болсын жемқорлық жағдайына ұшырайтынын айтады. Transparency International (TI) халықаралық ұйымының 2019 жылға арналған есебінде жемқорлық бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орынға тұрақтаған.

"The Qazaq Times"