Қырғызстан премьер-министрі Кубатбек Боронов отставкаға кетіп, оның орнына кеше бостандыққа шыққан саясаткер Садыр Жапаров ұсынылды. Жапаровты сайлау нәтижелеріне қарсы митингке шыққан жұрт премьер-министрлікке ұсынып отыр. Бұл туралы Жогорку Кенештің жаңа спикері Кенеш Абдылдаев хабарлады.

Бұған дейін парламент спикері Дастанбек Джумабековтің де отставкаға кеткен. ВВС мәліметінше, бұл ақпарат Достық қонақ үйінде өтіп жатқан Жоғарғы кеңестің шұғыл отырысында айтылған. Әзірге билік өкілдері бұл ақпарды ресми түрде растаған жоқ.

Бішкектегі қақтығыстар 5 қазанда парламенттік сайлаудың алдын ала қорытындылары жарияланғаннан кейін басталды. Демонстранттар қайта сайлау өткізуді талап етіп, Бішкек орталығына жиналды. Манифестанттарды тарату үшін милиция суатқыштарды, көзден жас ағызатын газды және жарық шуылы гранаталарын қолдануда. Қақтығыс салдарынан 600-ден астам адам зардап шеккен.

Шеру кезінде наразылар парламент ғимаратына басып кіріп, президент кабинетінің тас талқанын шығарып, өрт қойды. Тағы бір топ Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратын басып алып, осы комитеттің абақтысынан елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев босатылды. Сондай-ақ бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков пен саясаткер Садыр Жапаров та бостандыққа шыққаны белгілі болды.

Қырғызстандағы жағдайды жіті бақылауда ұстап отырған Еуроодақ қырғыз саяси бірлестіктерін шиеленісті бейбіт түрде шешіп, әділ сайлау өткізуге шақырды.

Қырғызстан ОСК-нің 4 қазан күні өткен парламент сайлауы туралы болжалды есебіне сәйкес, жеті пайыздан жоғары дауы жинаған төрт партия парламент босағасынан өткен. Олар: «Биримдик» партиясы – 24,5%, «Мекеним Кыргызстан» – 23,9%, «Кыргызстан» – 8,7%, «Бүтүн Кыргызстан» – 7,09% дауыс жиған. ОСК-нің мәліметіне қарағанда, Қырғызстандағы сайлауға 43 ел мен 33 халықаралық ұйымнан келген 277 бақылаушы қатысқан. 150-ден астам өкілі бар ТМД елдерінің бақылаушылары әдеттегідей бәрі «ашық та әділ өтті» деп бағалаған. Алайда халық сайлаудың әділ өтпегеніне наразы.

"The Qazaq Times"