ЕО елдері Беларусьте өткен президент сайлауынан кейінгі жалпыхалықтық наразылыққа байланысты санкция салу туралы келісімге келді. Еуропалық кеңестің басшысы Шарль Мишельдің айтуынша, ЕО көлемінде шектеу шаралары 40 адамға салынған. Алайда Беларусьтің қазіргі президенті Александр Лукашенко бұл тізімге енбеген.

Еуропалық комиссияның басшысы Лейен санкция салынатын адамдар тізімін алдын ала дайындалғанын және оны бекіту процедурасы тек техникалық мәселе екенін айтты.

Комиссия отырысынан кейін Франция президенті Макрон Лукашенконы санкция тізіміне қосу оны келіссөз жүргізуге шақыруды қиындату мүмкін деп мәлімдеді. «Егер Беларусь президенті өз халқымен диалог құра алмаса, алдағы уақытта оған санкциялар салынуы мүмкін», – деп сөзін толықтырды Макрон. Еске сала кетейік, Лукашенко 2016 жылға дейін ЕО санкцияларында болған.

Қыркүйектің соңында Канада мен Ұлыбритания Александр Лукашенко мен Беларуссьтің бір топ шенеуніктеріне қарсы жеке санкциялар салу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, Латвия, Литва және Эстония да санкция жариялады. Бұған дейін БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Беларусь сыртқы істер министрі Владимир Макей батыс елдерінің шенеуніктерге қарсы санкциялары керісінше нәтиже береді деп хабарлады.

23 қыркүйекте Лукашенконың инаугурациясы Минскіде өткен. Осыдан кейін көптеген батыс елдері Лукашенконы Беларусь елінің заңды президенті ретінде мойындамайтынын мәлімдеген.

Беларусь елінде екі айға жуық уақыт жаппай наразылық акциясы өтіп жатыр, оған қатысушылар Лукашенконың отставкаға кетуін және сайлауды қайта өткізуді талап етуде.

"The Qazaq Times"