Қазан айының алғашқы күні елде 65 адамнан коронавирус, 234 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Үкімет статистикасы бойынша, коронавирус пневмониясына шалдыққандар бірден 55 кейске артқан. 

#Коронавирус 1 қазан күні коронвирус жұқтырған 91 адам айығып шықса, 3 адам өмірден өткен. Ал жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – әдеттегідей ШҚО (18) және СҚО-да (10). Сондай-ақ, Шымкент қаласы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында мүлдем науқас тіркелмеген.

ДенМиннің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 3279 адамның 1745-і ауруханаларда. Ал қалған 1534 науқас амбулаториялық терапияда. Олардың арасында 64 (30 қыркүйек есеп 59 еді – QT) бала бар. Ахуалы нашарлаған 97 науқастың арасында 11 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 20 пациент жасанды аппаратпен тыныстап жатыр.

1 қазандағы жағдай бойынша, Қазақстанда кезекші сыныптарда оқитын 36 баладан, қашықтан оқитын 73 баладан коронавирус анықталған. Олармен байланыста болған 800-ден артық адамның тағы 25-інен ПТР тесті арқылы ковид инфекциясы табылған.

Республика бойынша барлығы 108 044 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 103 мыңнан сәл асқан. Бұл жалпы науқастардың 90%-дан астамы.

#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, бейсенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 234 адам, екі өлім жағдайы тіркелген. Сондай-ақ, 95 адам жазылып шыққан. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс қорытынды көрсеткенімен, коронавирус салдарынан қабынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзін бұрмалап, әр он күн сайын жариялауға көшкен. Коронавирус пневмониясының өңірлердегі күнделікті динамикасы белгісіз. Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

#Сөйтсе... Тамыз және қыркүйек айларында Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 17 мыңнан асса, коронавирус пневмониясына шалдыққандар 33 мыңға жуықтаған. Екеуін қоса есептегенде, кейінгі екі айда індеттен 600-дей қазақстандық өмірден өткен. Сонымен бірге, осы аралықта (тамыз-қыркүйек)  пневмонияның басқа түрлерімен 82 мыңнан астам жағдай тіркелген.

ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 140 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2670-і (КВИ+ / U07.1 – 1 737, КВИ- / U07.2 – 357, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

“The Qazaq Times”