Сауд Арабиясының королі Салман бен Абдель Азиз Аль Саудтың төрағалығымен «Үлкен жиырмалық» тобының саммиті 21-22 қараша аралығында онлайн форматта өтеді.

G20 сайтында жарияланған ресми хабарламада: «Алдағы G20 саммиті адамдардың өмірін қорғауға және экономикалық өсуді қалпына келтіруге бағытталған. Пандемия кезіндегі дағдарысты еңсеруге бағытталған бірқатар жобалар бар. Саммитке қатысатын мемлекеттер бірлесе отырып әрекет етеді деген сенімдеміз», – делінген.

Қарашада өтетін жиынның басты тақырыптарында, G20-ға мүше елдердің ынтымақтастығын дамыту, ғаламдық экономикалық мәселелерге ортақ шешім қарастыру және экономикалық дамуды қамтамасыз ететін шараларды табу қатарлы негізгі мақсаттары тұр. Бұдан тыс саммитте қоршаған орта, жылудан ластану, климат өзгерістері, миграция, энергетика және пандемия дағдарысының алдын алу қатарлы қосымша тақырыптары бар.

Биыл коронавирусқа қарсы вакцинаны өндіріп, таратуға және халықтың емделуге қолжетімділігін қамтамасыз етуге жұмсалған 21 миллиард доллардан басқа, «Үлкен жиырмалық» елдері әлемдік экономиканы қолдауға 11 трлн доллар бөлген.

"The Qazaq Times"