Германия ауруханасында Өзбекстанның вице-премьері, саясаткер Уктам Барноев коронавирустан қайтыс болды.  

Өзбекстандық Газета.uz сайтының мәліметінше, Үкімет басшысының аграрлық және азық-түлік саясатын жүргізуші орынбасары Уктам Барноев 56 жасында коронавирустың асқынуынан өмірден өткен.

Басылым Барноевтың Ташкенттегі Akfa Mediline жеке меншік клиникасында емделгенін, одан кейін Германияға барғанын хабарлайды. БАҚ беттерінде 30 шілде шенеуніктің вирус жұқтырып, һкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен дем алып жатқаны жарияланған.

Уктам Барноев – Ташкент ауыл шаруашылығы және инжинерия институтында білім алған. Еңбек жолын инженер ретінде бастаған ол Бұхара облысында әртүрлі лауазымда (басқарма басшысының орынбасары, облыс әкімі), Ауыл және су шарушылығы министрлігінде басшылықта, вмце-министр, су инспекторы т.б. орындарда қызмет атқарған. Биыл ақпан айында елдегі бас уәзірдің орынбасары болып тағайындалған. Сонымен қоса, 2020 жылдың 6 шілдесінде Өзбекстанның Атбегілік және ат спортының түрлері федерациясының төрағасы болып келген еді.

Барноев Өзбекстан шенеуніктерінің арасындағы бірінші коронавирус құрбаны емес. Шілденің аяғына қарай Қарақалпақстанның Жоғары Кеңесінің экс-төрағасы Мұса Ерниязов пен экс-қаржы вице-министрі Еркін Тұрсынов, 22 тамыз күні – Бұхара облысының бұрынғы әкімі Карим Камалов қайтыс болған. Қыркүйектің басында екі жақты пневмония салдарынан Қашқадария облысындағы аудан әкімі Гайрат Бегалиев және орынбасары Мансур Рахмонов қайтқан.

Ресми статистика бойынша, Өзбекстанда 51 мыңнан астам адамнан коронавирус  анықталған. Оның 47 мыңы емделіп шыққан, ал 429 адам қайтыс болған. Науқастардың ең көбі Ташкентте (30 мың науқас, 374 өлім) тіркелген. Дегенмен халықаралық сарапшылар мен мамандар елдегі ахуал бұдан да ауыр, ресми есеп еселеп кемітілетіні туралы көп айтады. Кейбір аймақтарда пневмония өршіген. Бірақ бұл жалпы статистикаға енгізілмеген, Басқа Орта Азия елдеріне ұқсайтын Өзбекстанда да шынайы жағдай анық емес. Статистика бұрмаланғаны жайлы сынайтын наразылар көп.

"The Qazaq Times"