Бүгін Сенат отырысында Көкжайлау курорттық аймағын Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи бағына қайтару туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылданып, президентке қол қоюға жіберілді.   

Сенатқа құрамындағы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ақыры қабылданды. Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев қабылданған заң қоршаған ортаны қорғау саласындағы, оның ішінде Іле-Алатау ұлттық паркінің жер мәселесіне қатысты дауды шешетінін айтты.

«Бұл мәселе бүкіл қоғамды алаңдатты, ал бүгін өз шешімін тауып, нүкте қойылды. Сондықтан мен қабылданған заң біздің мемлекетіміздің игілігіне қызмет ететініне сенімдімін», – деді төраға  Әшімбаев.

Аталған заң жобасы Жер кодексі мен «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Түзетулер бұрын туризм объектілері, су шаруашылығы құрылыстары, мемлекеттік шекара объектілерін салу және пайдалану тәртібін жеңілдетуге бағытталған.

Сенат баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсынылып отырған өзгерістер ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғи кешендер мен табиғи-қорық қорының нысандарын сақтауға мүмкіндік береді.

Қоғамда қызу пікірталас тудырып келген «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салу туралы бастаманы 2002 жылы билік көтерген еді. Курорт жобасын іске асыру үшін жерлерді Іле-Алату ұлттық бағынан шығарып, Алматы қаласы шекарасына қосқан. «Медеу» мұз айдынынан төрт шақырым қашықтықта орналасқан шатқалға курорт салу жобасына экологтар мен белсенділер, жалпы қала халқы жылдар бойы жаппай табанды түрде наразылық танытты. Қала маңындағы өзге алты тау шаңғысы кешенінің жұлдызын жағып, туризм ошағына айналдыра алмаған әкімдік жетінші нысан үшін белсенділермен ұзақ айтысқан. Бірақ дегені іске аспады. Себебі президент Тоқаев қарсылығын білдіріп, бұл мәселеге енді оралмайтынын айтқан. Белсенділер президент өзіне жолданған заң жобасына ойланбай қол қоярына сенімді.

"The Qazaq Times"