Егер билік халықпен диалог жүргізбесе, Беларусь те майданмен бетпе-бет келуі мүмкін. Австриялық Wiener Zeitung газетіне сұхбат берген Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.

Зеленский Беларусьтегі қазіргі ахуалда беларусь халқын қолдайтынын айтты. «Адамдар агрессия мен зорлық-зомбылықсыз өмір үшін, бейбітшілік пен демократия үшін күресіп жатыр. Шеруде ешкім билік өкілдеріне қару кезенген жоқ, ғимараттарды өртемеген жоқ. Ал Беларусь билігі демонстранттарға қатыгездікпен қарайды. Украина үшін қанды майдан болмауы маңызды. Егер мемлекет халықпен диалог жасаудан бас тартса, онда Беларусьті майдан күтіп тұр», – деді Зеленский.

Сонымен қатар Украина президенті Беларусь Батыс пен Ресей арасындағы тағы бір даудың тақырыбына айналуы мүмкін бе деген сұраққа жауап беріп, ел билігін сынға алды.

Владимир Зеленский Венаға 15 қыркүйекте ресси іссапармен барады. Ол Австрия президенті Александр Ван дер Беллен, канцлер Себастьян Курц және Австрия ұлттық кеңесінің (парламенттің төменгі палатасы) бірінші төрағасы Вольфганг Соботкамен келіссөздер жүргізбек.

9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтті. Орталықсайлау комиссиясы қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко 80,10% дауыспен жеңіске жеткенін жариялады. Оның басты бәсекелесі, оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 10,12% дауысқа ие болды.

Тихановская сайлау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Экзит-полдың нәтижелері 9 тамыз кешке жарияланғаннан кейін Минсктің орталығында және республиканың кейбір басқа қалаларында жаппай наразылық басталды.

Беларусьтегі ахуал әлі де мәз емес. Күні кеше президент Александр Лукашенко Владимир Путинмен кездесіп, көмек сұрады. Бұл жағдай Беларусь белсенділері мен наразы халықтың ашу-ызасын туғызды. Елдегі жағдайдан кейін Еуропалық одақ пен АҚШ Беларуське санкция енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Санкция 21 қыркүйекте күшіне енуі тиіс. Ресми өкілдер санкция тізімін кеңейтуге болатынын айтты. Санкция мақсаты – Беларусь билігі мен оппозциясы арасындағы келіссөздерді бастау.

"The Qazaq Times"