Аймағамбетовтың тұсында «ҰБТ-ға заңсыз құрал алып кіретіндер 70 есеге азайды». Биыл өткен Ұлттық бірыңғай тестілеудің ерекшелігін «бастысы, ашықтық пен әділдікті барынша қамтамасыз етуге тырыстық» деп атаған білім министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі жеке парақшасында «ҰБТ-2020 қорытындысы туралы» көлемді жазба жариялады.

Былтыр министрлік академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін ережелерді қатаңдату туралы шешім қабылдаған. Аймағамбетовтың айтуынша, «осылайша, қолданып үлгерсе де, үлгермесе де тыйым салынған заттармен тестілеуге кірген талапкерлердің нәтижелерін жою туралы жаңа нормалар пайда болды. Тіпті, бұл заттарды алып кіруге әрекет еткендер емтиханға жіберілмейтін болды».

Ұлттық тестілеу орталығы тамыз айының аяғында грант иеленген 97 талапкер бейнежазбаларды зерделеу негізінде нәтижесі жойылғанын хабарлаған. Олардың қатарында 138 балл алған түлек те бар. Босаған грант орындары кейінгі кезекте тұрған өзге 97 талапкерге тағайындалған.

Бұрын металл іздегіш құралдар арқылы тексеру кезінде телефон табылса, құрылғыны алып қалатын. Ал талапкер тестілеуге қатыса беретінін сөз етті. Мұндай ереже бұзушылар саны еліміз бойынша 100-150 мыңнан асатын. Егер емтихан кезінде телефонмен ұсталып қалса, комиссияға оны қолданып үлгергенін дәлелдеуі керек еді.

Мұның бәрін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне деген сенімсіздікке әкеп соқтыратынын мойындаған министр Жаңа ережені мейілінше жіті қарастырғанын жазады.

«Нәтижесінде, тыйым салынған заттарды емтиханға кіргізуге әрекет ететіндер саны 70 есеге азайды, 2019 жылы 128 мыңнан астам телефон табылса, 2020 жылы олардың саны 2500ге жуық болды. Алайда емихан қорытындысын жою фактісі 100 есеге көбейді: 2019 жылы 128 телефон алып кіру фактісі орын алып, 24 талапкердің ғана ҰБТ нәтижелері жойылса, ал 2020 жылы тыйым салынған заттар табылған барлық 2500 адамға қатаң шара қолданылды», – деп жазды ол.

Сәйкесінше, ҰБТ-ның биылғы орташа ұпайы төмендеп, пайыздық мөлшерде шекті балл жинаған талапкерлердің саны едәуір азайған. Дегенмен министр мұны «тестілеудің әділ өтуі үшін жасалған қадам» деп санайды.

Сонымен қоса, министрдің мәлімдеуінше, ҰБТ өткізу ережелерін бұзғаны немесе жұмысты нашар ұйымдастырғаны үшін 20-дан астам комиссия мүшелері мен басшылары жазаланыпты.

Жемқорлық жең ұшынан жалғасқан Қазақстанда  «күн сайын ҰБТ пунктеріндегі комиссиялардың құрамына өзгертулер енгізуге, міндетіне немқұрайлы қараған қызметкерлерді ауыстыруға немесе жұмыстан шеттетуге тура келген».

Министрдің дерегіне қарағанда, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында ашық және өрескел түрде жаппай заң бұзушылық болып, тестілеу тосыннан тоқтап, басқа күндерге ауыстырылған.

«Биылғы нәтижелер зор сенім ұялатады, келесі жылы бұл жағдай мүлдем басқаша болатынына сенімдімін. Әріптестерімізбен тестілеуді өткізу рәсімін жетілдіру керек деген қорытындыға келдік» дейді министр.

Аймағамбетов цифрландыру дәуірінде құрамында бірнеше мың адамы бар комиссия құруға 1,5 млрд теңге жұмсау орынсыз, тіпті мұның нәтижесі «тиімсіз» дейді. Сондықтан бұл рәсім заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген электронды форматқа өтеді.

Бас ұстазға жақпайтын тағы бір мәселе – ҰБТ сұрақтарының жаттанды, уақытша еске сақтауға бағытталуында. Осы себепті ол тестілеу сұрақтарының базасын сыни ойлау мен функционалдық сауаттылыққа бейімдеуге уәде берді.

16-шы министр ҰБТ мектепте алған білімді емес, ЖОО-ға түсерде оқушы таңдаған мамандығы бойынша білім алуға деген дайындығын бағалау екенін кесіп айтты.

ҰБТ қорытындысы сай, биыл маусымда 161 пункте тест тапсырған 111 мыңдай талапкердің 82 мыңнан астамы шектік балды жиған. Жалпы республика бойынша орташа көрсеткіш 64,06 балл болды. Пандемия себебіне байланысты биыл әр аудиторияда 10-18 адам, бұл былтыр орташа есеппен 50 талапкер болған.

Былтыр 13 маусымда министр болып келген Асхат Аймағамбетов аз уақыт ішінде білім жүйесінде ондаған жылдар бойы оңалмаған бюрократия, автократия мәселелерін шешуге тырысып келе жатқан «жанкешті менеджер» ретінде қазақстандық қоғамның ыстық ықыласына бөленген санаулы шенеуніктердің бірі.

"The Qazaq Times"