Әлем бойынша карантин қайтадан енгізілуі мүмкін бе? Бұл сұраққа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус Женевада өткен Еуропалық бюро отырысында жауап берді.

Ресми өкілдің айтуынша, қазіргі уақытта вирус жұқтыратындар саны наурыздағы көрсеткіштен асқан. Сол себепті әлем экономикасына ауыр зардабын тигізген карантинбік шектеу шаралары қайтадан енгізілуі мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры: «Коронавирус жұқтырғандардың саны артып жатыр. Бір қуаныштысы, өлім көрсеткіші төмендеді. Бірақ біз үшін коронавирустың әр құрбаны жайлы хабар – үлкен қайғы. Егер вирустың таралуын тежемесек, жағдай тіптен қиындай түседі. Әлемдік экономиканы әлсіреткен жаппай карантиндік шараларды қайта енгізуге мәжбүр боламыз», – дейді.

Онлайн форматта өткен халықаралық жиынға Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да қатысып, Еуропалық өңірлік комитеті 70-ші сессиясының төрағасы болып сайланған. Жиында Еуропаның 2025 жылға дейінгі жаңа денсаулық сақтау бағдарламасы мен пандемиямен күрес шаралары талқыланды.

Bloomberg статистикасы бойынша, эпидемия басталғалы әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 29 006 033 адамға жетті. COVID-19 дерегі расталғандар саны бойынша АҚШ антирекорд орнатқан. Мұнда 6 519 979 адам дертке шалдыққан. Екінші орында – Үндістан (4 846 427 адам). Үштікті Бразилия қорытындылайды – 4 330 455 кейс.

"The Qazaq Times"