Бүгінгі ОртКом брифингінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресми уәкілі Бағдат Қожахметовтің мәліметінше, «бойынан коронавирус табылған, бірақ басқа аурудың себебінен қайтыс болды» делінген қазақстандықтардың саны 576-ға жеткен. 

Пандемия басталғалы  вирус жұққандардың жалпы жиыны 2,5 мыңнан артық адам (КВИ+ / U07.1 – 1656, КВИ- / U07.2 – 318, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған.

Қожахметовтің айтуынша, 4-11 қыркүйек аралығында 20 өлім жағдайы тіркелген. Барлығы 576 өлім жағдайына себеп болған диагноздардың жіктелімі:

  • Тынысалу органдарының аурулары - 52,4%
  • Қан айналым жүйесі аурулары – 29%
  • Ісік түрлерінен – 4%
  • Өзге потология ауруларынан – 14,6%

«Республикалық электрондық Денсаулық сақтау орталығының деректеріне сәйкес, қайтқандардың арасында кейбір инфекциялық және паразиттік аурулар, iсіктер, қан ағзаларының аурулары және иммундық механизмді қамтитын жекелеген бұзылулар, эндокриндік жүйе аурулары және зат алмасудың бұзылуы, нерв жүйесінің аурулары, қанайналым жүйесінің аурулары, тыныс алу ағзаларының аурулары, ас қорыту ағзаларының аурулары, несеп-жыныс жүйесінің аурулары, улану, жарақаттар және сыртқы себептердің басқа да салдарының нозологиялары бойынша тіркелді», – деп жауап берді ДенМин редакция сауалына.

Қазақстан Үкіметі коронавирустан және коронавируспен қайтыс болғандар деп қарастырып келеді. Сәйкесінше екінші түрінен, яғни вирусты жұқтырса да басқа аурудан қайтқандарды жалпы статистикаға қоспайды. Тәуелсіз сарапшылар пікірі «жоғарыда аталған ауруларға шалдыққан науқастардың жағдайы асқынған сатыда болмаса, психика не оқыс жарақат-соққы себебінен қайтпаса, онда олардың дені коронавирустың құрбаны ретінде қарастырылуы тиіс» деген ортақ арнаға тоғысады.

10 қыркүйекке дейінгі коронавирустық инфекциямен ауырғандар туралы ақпарат. Фото: ДенМин

Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі:

Коронавирус жүрек, өкпе, қант диабеті секілді созылмалы ауруларды қозыдруы мүмкін. Қайтыс болғанда жүрегі тоқтап, тромбоз болуы ықтимал. Мүмкін коронавируспен ауырмаса, қолдаушы терапия алып тірі жүре беруші еді. Қайтқан адамның диагнозы мен өлім себебінде байланыс болатыны анық. ...Вирус жұққандықтан тромб мөлшері ұлғайып, қан ұйып жүрек, өкпе не миға салмақ салады. Осының салдары да әсер етпейді дей алмаймыз. Пневмония ауруын ПТР-дың бары-жоғына қарамастан клиникасына қарай коронавирустық сипатта қарастыру қажет деп басынан бері айтып келеміз.

Серік Тұрсын, Швейцариядағы қазақ дәрігері, медицина білімдері бойынша оқытушы-тәлімгер:

Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Коронвирус туралы статситиканың дұрыс берілмеуі тек қазақстандықтарды ғана емес, бізді де ойландырады. ДДСҰ-ның белгілеген код ақпан айында нақтыланған. Ал Қазақстан билігі неге тамыздан бастап енгізді. Бұған жауап беруі керек. Қайтыс болған адамның бойында басқа ауруы болғанына қарамастан, ағзасынан вирус табылса, бірден коронавирус себебінен деп есептеуі тиіс. Өйткені вирус ангиотензин конвертинг рецепторы арқылы денеге кіреді. Екінші түрі қан тамырлары арқылы бойға тарайды. Сондықтан вирус барлық тінге жайылып, ең әлсіз тұсынан ұстайды. Жасы үлкен адамдардың созылмалы ауруын қоздырып, салдары өлімге айналып жатыр. Бұл сөзсіз коронавирус статистикасына енуі тиіс. Жылдың басынан бергі барлық пневмонияны ақөкпе деп айдарлап, негізгі есептен бөлді. Бұл қате қадам. Мұны Қытайдағы тұмау маусымында өршіген пневмонияны КТ арқылы ажырататын ғылыми тәжірибе дәлелдеді.

Мыңжылқы Бердіқожаев, Қазақстандық жоғары санатты нейрохирург-дәрігер:

Қатерлі ісігі не қан қысымы жоғары адамға ем дұрыс жасалса, олар өмір сүре берер еді. Коронавирустың жанама әсерінен қайтқаны жөніндегі дерекке толық көз жеткізу үшін өте күрделі  зерттеу – сараптама жүргізу керек. Оны жасап жататын ешкім жоқ шығар. Сондықтан ресми мәліметке сенуге мәжбүрміз. Кейбір елдер коронавирус басқа аурулардың асқынуына себеп болды деп есептесе, басқа елдер өз алдына бөлек жүргізеді.

Қайырғали Көнеев, невролог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты:

Коронавирус инфекциясы тромбоз тудырғандықтан жоғарыда көрсетілген қайғылы жағдайға алып келетіні анық. Көптеген елдерде коронавирус жұққан адамдар оқыс жағдайдан басқа кездің бәрінде құрбандарды індет себебінен деп есепке алынады.

"The Qazaq Times"