QT  сауалы аясында Бас прокуротура қазақстандық отбасыларда жиі кездесетін зорлық-зомбылық көрсету қылмысының  кесірінен биыл кәмелет жасына толмаған 26 жеткіншек-бала зардап шеккенін мәлімдеді. 

Екі жыл ішінде республика бойынша тұрмыстағы зорлық-зомбылық айыбы негізінде 1711 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.

Былтыр бұл көрсеткіш 1055 болған екен. Ал биыл қаңтар-тамыз аралығында 656 жағдай есепке алынған.

Қазақстанның Бас прокуратурасының редакцияға берген жауабына қарағанда, 2019 жылы осы сипаттағы қылмыстың салдарынан 1175 азамат жапа шеккен. Оның ішінде 646 әйел, кәмелетке толмаған 47 жеткіншек-бала бар. Ал биыл қаңтардан бергі сегіз айда 615 адам жәбірленген. Олардың 297-сі әйел, 26-сы бала.

Қазақстан қоғамында белең алған тұрмыстық-отбасылық әлімжеттік бойынша 2019 жылы – 652, 2020 жылдың басынан бері – 235 іс сотқа жолданған. Бұдан өзге өткен жылы 403, биыл 235 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.

Әлеуметтанушы сарапшылардың айтуынша, ресми статистика шынайы ахуалдан әлдеқайда алыс. Себебі дәстүрлі отбасы институтының ескіден қалыптасқан заңдылықтары бойынша көптеген азаматтардың бәрі бірдей осындай жағдайға душар болса да құзырлы органдарға жүгіне бермейді. Арыз түскен күннің өзінде жергілікті полиция учаскелері бұған ұсақ-түйек мәселе ретінде қарайтындықтан, іс қозғап, шара қолдануға тырыспайды. Осы факторларды есепке алсақ, «БҰҰ-Әйелдер» қоры мәлімдегендей жылына отбасыдағы әлімжеттіктен 400-дей әйел қайтыс болады деген ашық статистиканың шындыққа жақын екенін аңғару қиын емес.

"The Qazaq Times"