Маусым айында үнді-қытай шекарасындағы қақтығыста қан төгілді, содан бері екі елдің қарым-қатынасы соңғы жарты ғасырдағы ең төменгі деңгейге түсті. Үндістан мен Қытайдың ортақ шекарасы 3488 шақырымды құрайды, соның басым көбі толық бекітілмеген. Қақтығыстан кейін жоғары әскери шенділердің келіссөз кездесуі еш нәтиже бермеді. Үндістан Қытайдан шекара маңызда жоғалып кеткен 5 жауынгеріне сұрау салды. Осылайша әлемнің ең биік үстіртінде қақтығыс қаупі күшейіп келеді.

Үндістанның Аруначал-Прадеш (қытайлар бұл аймақты Оңтүстік Тибет деп атайды) атты шекаралық аймағында 5 жауынгері жоғалып кеткен. Әдетте таулы-орманды өңірде нақты шекара болмағандықтан, шекара қарауылдары барлық жерлерде шарлау жүргізе береді. Шекарашылардың бір-біріне өтіп кетуі қалыпты жағдай саналып келген.

Үндістан Қорғаныс министрлігі мәлімдемесінде, жоғалып кеткен шекарашылар туралы Қытай тарабына телефон арқылы хабарланған және олардың шекарадан өтіп кетуі мүмкін екенін ескертіп, жауынгерлерді кері қайтарып беруді өтінген. Алайда, Қытай тарабы бұл сауалдарды жауапсыз қалдырған.

Ал, Аруначал-Прадеш штатының кеңесшісі Айрин: «Қытайдың Халық-азаттық армиясы шекарада бес үнді азаматын ұрлап кетті», – деп мәлімдеді және Қытайдан оларды тез арада босатуды талап етті.

Өткен аптада үнді мен қытайдың қайшылығын күшейтетін тағы бір оқиға болды. Өңірдегі жергілікті тибеттерден құралған рота командирі Қытай әскерлерінің минасынан қаза тапты. Ал, оны жерлеуге жергілікті тибеттер мен Үндістан армиясының өкілдері қатысты. Жерлеу рәсімінде Тибет тәуелсіздігінің символы саналып келген байрақтарын көтерді.

Қытай өзінің Тибет үстірті арқылы Үндістанмен шектесетін шекарасынан алаңдаулы. Себебі, Бейжіңнің басып-жаныштау саясаты Тибетте де қатты жүрілгендіктен, Қытай билігінің өңірдегі сенімі айтарлықтай емес. Оған қоса шекараның екі жағында да тибеттер қоныстанған. Үндістан армиясының құрамында аталған шекара маңында қызмет ететін тибеттер де көп. Бұл да үнді-қытай шекарасындағы күшейіп келе жатқан қақтығыстың бір себебі.

“The Qazaq Times”