Әлемде коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау 2021 жылдың ортасына дейін басталмайды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері хабарлады. 

Коронавирусқа қарсы вакцинаның ешбірінің тиімділігі 50%-ға да жетпеген. Сол себепті екпенің қаншалықты қауіпсіз әрі тиімді екеніне көз жеткізу үшін клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне біраз уақыт керек.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны бөліп таратумен айналысатын жаһандық альянс құрады. Оған 76 мемлекет кіруге дайын екенін растаған. Альянс коронавирусқа қарсы екпенің түрлі елдер арасында тең үйлестірілуін бақылайды. Сондай-ақ, оның ең алдымен осал топтарға салынуын қадағалайды. Жобаны оған кіретін елдердің үкіметі қаржыландыруы тиіс. АҚШ альянсқа қосылмайтынын айтты.

Коронавирусқа қарсы екпе шыққан соң, 7,8 миллиард адамды вакцинациялауға бір жарым жылдан астам уақыт кетеді.

Сарапшылардың пікірінше, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 80%-ын вакцинациялау жеткілікті, бірақ адамдарға вакцинаның екі дозасы қажет болуы мүмкін. Әлемде пандемия басталғалы, дамыған мемлекеттер вирусқа қарсы екпе өндіру бойынша өзара жарыс бастап кеткен. Осы ретте Америка Құрама Штаттарында клиникалық сынақтарды жеке фармацевтикалық компаниялар өткізбек. Қазір елде бес вакцина өндірушісі AstraZeneca, Johnson & Johnson, Merck, Sanofi және Moderna үкіметпен келісімшартқа отырды. Ал Ресейде вакцинаның клиникалық сынақтары шілденің ортасында аяқталады деген болжам бар.

Бұған дейін Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлаған еді. Путин сөзінде екпенің өте тиімді жұмыс істейтінін, тұрақты иммундық жүйені қалыптастыратынын және барлық қажетті тексерулерден өткенін атап өтті. Бірақ кейбір батыс сарапшылары мен жергілікті мамандар сынақтан толық өтпеген вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірген болатын. Сонымен қатар Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Бірақ Ресей тарапы бұл дабылды жоққа шығарды.

Қазақстандық «СК-Фармация» сынақтың соңғы үшінші кезеңінен толық өтпеген Ресейдің инвестиция қорымен коронавирус вакцинасын алу туралы келісімге қол қойған.

"The Qazaq Times"