Президенттік сайлаудан кейін басталған Беларусьтегі наразылықтар биліктегілер орнынан кетпейінше, жалғасатын болады. Бұл туралы NHK телеарнасына сұхбат берген Светлана Тихановская мәлімдеді.

«Біздің бар сеніміміз, күшіміз халықта. Күн сайын демонстрациялар билікке жеткілікті қысым жасайды. Мен әрқашан Беларусь халқымен біргемін. Билік, жүйе өзгермейінше, наразылық шерулері жалғаса береді», – деді.

Сонымен қатар Мәскеудің ішкі жағдайға араласуына алаңдаушылық білдірген Тихановская қазіргі президент Лукашенконың Ресеймен тығыз байланыс орнатқанын айтты.

9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтті. Орталықсайлау комиссиясы қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко 80,10% дауыспен жеңіске жеткенін жариялады. Оның басты бәсекелесі, оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 10,12% дауысқа ие болды.

Тихановская сайлау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Экзит-полдың нәтижелері 9 тамыз кешке жарияланғаннан кейін Минсктің орталығында және республиканың кейбір басқа қалаларында жаппай наразылық басталды. Шеруге шыққандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері соққыға жығып, көз жасаурататын газ қолданған. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, митингтер кезінде 6 мыңға жуық адам ұсталды, ондаған полиция қызметкерлері мен демонстранттар жарақат алды.

3 қыркүйекте Уашингтон Еуропадағы серіктестерімен авторитарлық басқару жүйесіндегі Беларуське экономикалық санкция енгізу мәселесін талқылаған. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропалық және Еуразиялық мәселелер жөніндегі көмекшісі Джордж Кенттің мәлімдеуінше, Беларусь тақырыбында адам құқықтары мен Ресей билігінің ішкі саясатқа араласуы тысқары қалмайды.

"The Qazaq Times"