Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық пневмония шалдыққан әрбір пациентті емдеуге бөлінетін тәуліктік шығынның көлемі  22-70 мың теңге аралығында екенін хабарлады.

«Пневмония түрлеріне қарай, соның ішінде тамыз айынан бастап жаңаша есептеле бастаған коронавирустық пневмонияны емдеуге әр пациент үшін қанша қаржы бөлінеді? Қалыпты пневмония мен коронавирустық пневмонияға шалдыққан науқасты күту, дәрі-дәрмегі, емдеу процедураларының бәрін қосқанда адам басына жағдайының деңгейіне (жай, орташа, күрделі, ауыр) қарай қарастырылып, бекітілген қаржының теңгелей минимумнан максимумға дейінгі көрсеткіші қанша?» деген QT сауалына ДенМин-нің ресми өкілі Бағдат Қожахметов жауап берді.

Оның сөзінше, үкімет стационардағы медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҰҚ арқылы шілде айында медициналық ұйымдар үшін тарифтерді көтерген.

«Осыған сәйкес, аталған қор арқылы провизорлық стационардағы әрбір төсек-орын үшін күніне 21,9 мың теңге төленеді. Тәуліктік стационарға жатқызылғандар үшін 32,2 мың теңге. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатқан науқасты емдеу үшін күніне 70 мың теңге қарастырылған. Медициналық және медициналық емес ұйымдар COVID-19 коронавирустық пандемиямен байланысты төтенше жағдай кезінде төлейтін медициналық қызметтерге тарифтер қалыптастыру әдістемесіне сәйкес есептеледі және келесі шығындарды қамтиды», – дейді Қожахметов жауап хатында.

Шығындар қатарына еңбекақы салық, тамақтандыру, медикаменттер (оның ішінде жеке қорғану заттары), қажетті тауар түрлері, коммуналдық қызметтер, байланыс қызметі т.б. жатады екен. Бірақ министрлік бұл соманың жай пневмония мен коронавирустық пневмонияның қай түріне қатысты екенін нақтыламаған.

Шілде айында коронавирус жұқтырған науқасты емдеуге жұмсалатын ақшаның көлемі айтылған еді. Тарифтер санатқа байланысты әртүрлі бектілген. Мәселен, шілденің басына дейін карантиндегі әр науқасқа – 10,4 мың теңге, провизорлы бөлімде – 11,6 мың теңге, инфекциялық – 15,1 мың теңге бөлініп келген. Сонымен қатар, вирусқа қарсы препараттар ауруханаларда қолданғаннан кейін медициналық ұйымдарға бөлек төленеді.

Көрші Қырғызстанда жалпы емдеу курсына науқастың жағдайына қарай 3-132 мың сом аралығында қаржы жұмсалады.

Қазақстанда пандемия басталғалы билік мойындаған 132 354 жағдай (U07.1+U07.2) тіркелді. Індеттің кесірінен 1 907 адам (U07.1+U07.2) қайтыс болды, оның 898-ы тек тамызға тиесілі. Алайда жалпы санаққа коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болған жүздеген адам енгізілмеген. Ресми статистика бойынша, бүгінгі таңда коронавирус анықталған 106 мың адамның 98 мыңға жуығы сауығып шыққан. Ал коронавирустық пневмонияға шалдыққандардың тек бестен бір бөлігі ғана ауруынан айыққан. Яғни 26 мыңнан астам науқастың емделгені 6 мыңдай ғана.

"The Qazaq Times"