Қытай мен Үндістан арасында қайшылық барған сайын күшейе түсті. Шекара дауын былай қойғанда әлемде халық саны ең көп екі елдің Азия-Тынық мұхит аймағында басты бәсекелес болып саналады.

Өткен аптаның соңында Қытай армиясы даулы шекара аймағында жүргізген әскери әрекеттері Үндістан жағынан арандатушылық деп танылды және үнді қарулы күштері жағынан жауап қайтарылды. Екі елдің жоғары әскери шенділері арасындағы келіссөз кездесуіне қарамастан бір күн бұрын бір үндістандық жауынгер шекара аймағына қойылған минадан мерт болды.

Үндістан тарабы сәрсенбіде жасаған мәлімдемесінде, Қытайдың арандатушылық әрекеттеріне жауап ретінде қытайлық мобильдік бағдарламаларды шектейтінін мәлімдеді. Үндістанда шектеу қойылған қытайлық бағдарламалар саны 118-ге жетті. бұлардың арасында Үндістанда 50 миллионнан астам пайдаланушыға ие PlayerUnknown's Battlegrounds видео ойындары да бар.

Жаңа-Дели билігі Үндістанның кең нарығындағы қытайлық мобильдік қосымшаларын шектеу әрекетін Бейжіңге қарсы пәрменді соққы ретінде пайдаланып отырғаны белгілі. Әрине, бұл шара Қытайдың өсіп келе жатқан электроника алыптары үшін салмақты соққы болмақ. Айталық, Baidu, Alipay сияқты кейбір тыйым салынған Қытай қосымшалары және WeChat байланыс бағдарламасының кейбір нұсқалары Қытайдың Tencent және Ant Financial сияқты ірі интернет компанияларының негізгі табыс көздері. Бұлар Үндістанның кең нарығын өзінің даму алаңы ретінде көріп келген еді.

АҚШ бастаған Батыс елдерінің Қытаймен болған қайшылығының шиеленісуіне байланысты қытайлық компаниялардың өнімінің базары барған сайын таралып бара жатыр. Соның арасында Қытайлық жаңа технологиялар мен ұялы байланыс құрылғылары, мобильдік қосымшалары да бар. Көптеген елдерде қытайлық қосымшалар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп танылған.

“The Qazaq Times”