Қазақстанда пандемия кезінде қызметі барысында вирус жұқтырған және  пневмонияға шалдыққан 899 медицина қызметкеріне МӘСҚ-дан 2 млн теңге көлемінде (әрқайсына – QT) өтемақы төленген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік желіде жариялаған ресми мәліметіне қарағанда, вирустың кесірінен өмірден өткен 3 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден біржолғы төлем жасалған. Бірақ бұл өткен жұмадан бері жаңармаған ескі дерек.

«Жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анықтайды.Өтінімдердің жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, кейін төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі», – делінген ресми хабарламада.

Төлем алған медицина мамандарының 120-сы – елордадан, 85-і – Алматы облысынан, 84-і – Алматыдан. Сондай-ақ, Ақмола мен БҚО өңірлерінен – 80 және 67 медқызметкерге біржолғы өтемақы берілген.

3 тамыз күні ОртКомда өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 8 518-ге жеткенін мәлімдеген.

Қолданыстағы заң бойынша өтемақы жұмыс бабында вирус жұқтырғандарға ғана беріледі: коронавирус не ковидтік пневмонияға шалдықса 2 млн, ал осы аурулардың кесірінен қайтыс болса 10 млн теңге.

Дегенмен дәрігерлер мен ел азаматтарының ең көп ауырған шағы «маусым-шілде қырғынында» да, одан бұрын көктем кезінде де көптеген кадрлардың диагнозы жай пневмония ретінде тіркелген. Қаңтар-тамыз аралығында пневмниямен ауырған, былтырғыдан 3,3 есеге артық 255 мың науқастың арасындағы ешбір медқызметкерге өтемақы төленбеп еді. Оған қоса, Қазақстан билігі індет қарқыны бәсеңдеген соң 1 тамыздан бастап қана ковидтік пневмонияны ресми пандемия есебіне ала бастады. Мұнымен келіспейтін мамандар мен сарапшылар аз емес.

"The Qazaq Times"