Соңғы мәрте 23 шілде коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғандардың саны 319-ға жеткені жарияланған еді. Бұл неге жалпы статистикадан бөлініп қалды?

319 қазақстандыққа  коронавирус қосымша диагноз ретінде қойылуының себебі, оларға қойылған диагноз түрлері жөніндегі редакция сауалына Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов жауап берді.

319 науқастың өліміне негізгі  себеп болған  мына  аурулар:

  • қан айналымы жүйесінің аурулары – 216 жағдай – 68%,
  • қатерлі ісік –15 – 4.7%,
  • жүйке жүйесінің аурулары – 10 –  3%,
  • жарақат – 3 – 0.9%,
  • ас қорыту органдарының аурулары – 6 – 1.8%,
  • дәнекер тінінің аурулары – 4 – 1.2%,
  • бүйрек аурулары – 14 – 4.3%,
  • тыныс алу органдарының аурулары – 32 – 10%,
  • эндокриндік жүйе аурулары (қант диабеті) – 14 – 4.3%,
  • қан аурулары – 2 – 0,6%,
  • туберкулез – 2 жағдай – 0.6%,
  • опиоидтерді пайдалану салдарынан психиканың бұзылуы – 1 жағдай – 0.3%.

Арада үш апта өтседе жаңармаған көрсеткіштің бүгін қаншаға өскенін болжап айту қиын. Бұл туралы ресми ақпарат айтылмай келеді. Сарапшылар пікірі «жоғарыда аталған ауруларға шалдыққан науқастардың жағдайы асқынған сатыда болмаса, психика не оқыс жарақат-соққы себебінен қайтпаса, онда олардың дені коронавирустың құрбаны ретінде қарастырылуы тиіс» деген ортақ арнаға тоғысады.

Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі:

Коронавирус жүрек, өкпе, қант диабеті секілді созылмалы ауруларды қозыдруы мүмкін. Қайтыс болғанда жүрегі тоқтап, тромбоз болуы ықтимал. Мүмкін коронавируспен ауырмаса, қолдаушы терапия алып тірі жүре беруші еді. Қайтқан адамның диагнозы мен өлім себебінде байланыс болатыны анық.

Вирус жұққандықтан тромб мөлшері ұлғайып, қан ұйып жүрек, өкпе не миға салмақ салады. Осының салдары да әсер етпейді дей алмаймыз. Пневмония ауруын ПТР-дың бары-жоғына қарамастан клиникасына қарай коронавирустық сипатта қарастыру қажет деп басынан бері айтып келеміз.

Серік Тұрсын, Швейцариядағы қазақ дәрігері, медицина білімдері бойынша оқытушы-тәлімгер:

Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Коронвирус туралы статситиканың дұрыс берілмеуі тек қазақстандықтарды ғана емес, бізді де ойландырады. ДДСҰ-ның белгілеген код ақпан айында нақтыланған. Ал Қазақстан билігі неге тамыздан бастап енгізді. Бұған жауап беруі керек. Қайтыс болған адамның бойында басқа ауруы болғанына қарамастан, ағзасынан вирус табылса, бірден коронавирус себебінен деп есептеуі тиіс. Өйткені вирус ангиотензин конвертинг рецепторы арқылы денеге кіреді. Екінші түрі қан тамырлары арқылы бойға тарайды. Сондықтан вирус барлық тінге жайылып, ең әлсіз тұсынан ұстайды. Жасы үлкен адамдардың созылмалы ауруын қоздырып, салдары өлімге айналып жатыр. Бұл сөзсіз коронавирус статистикасына енуі тиіс. Жылдың басынан бергі барлық пневмонияны ақөкпе деп айдарлап, негізгі есептен бөлді. Бұл қате қадам. Мұны Қытайдағы тұмау маусымында өршіген пневмонияны КТ арқылы ажырататын ғылыми тәжірибе дәлелдеді.

Ескерусіз қалған 256 мың пневмония туралы айтсақ, ауруханалардағы науқастардың жеке тарихын қарау – министрлік айтқандай ауыр шаруа емес. Дәрігерлер жай дайын есепті өткізеді. Ал оны статистикаға қосу науқастармен контактіге түспейтін ведомство қызметкерлері. Мұны ақжағалы шенеуніктердің сылтауы деп қана ұғуға болады.

Мыңжылқы Бердіқожаев, Қазақстандық жоғары санатты нейрохирург-дәрігер:

Қатерлі ісігі не қан қысымы жоғары адамға ем дұрыс жасалса, олар өмір сүре берер еді. Коронавирустың жанама әсерінен қайтқаны жөніндегі дерекке толық көз жеткізу үшін өте күрделі  зерттеу –сараптама жүргізу керек. Оны жасап жататын ешкім жоқ шығар. Сондықтан ресми мәліметке сенуге мәжбүрміз.

Кейбір елдер коронавирус басқа аурулардың асқынуына себеп болды деп есептесе, басқа елдер өз алдына бөлек жүргізеді.

Қазақстандағы қазіргі індет жағдайы сәл жеңілдеген болар, бірақ тұрақтанған жоқ. Жарты айдың ішінде 30 мыңдай жағдай тіркелді. Вирустың таралуы өткен айларға қарағанда, шамалы бәсеңдеді, бірақ тоқтаған жоқ. Ресми тіркелмеген науқастар барда, оның үстіне ел жұмысқа шығып, карантин жанданып жатқанда эпидемия таралуын тоқтатпайды, күзе қарай локдаун қайта оралу қаупі бар. Репродуктивті көрсеткішке де сене қою қиын.

Қайырғали Көнеев, невролог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты:

Коронавирус инфекциясы тромбоз тудырғандықтан жоғарыда көрсетілген қайғылы жағдайға алып келетіні анық. Көптеген елдерде коронавирус жұққан адамдар оқыс жағдайдан басқа кездің бәрінде құрбандарды індет себебінен деп қарастырылып келеді. Тамызда жарияланған 500-дей адамның бір бөлігі шілдеде қайтыс болған болуы мүмкін, себебі министрлік комиссиясы тексеріп үлгермей жатқанын мәлімдеп еді. Індеттің шарықтау шегі маусымның ортасынан басталып, қазір біраз саябырсыды.

Тамыз айының алғашқы жартысында ДенМин жариялаған статистикасында коронавирус пен ковидтік пневмония қамтылған. Фото-кесте: QT

Статистика жаңа форматқа ауысқалы бері, 1 тамыздан бастап коронавирус жұқтырғандар мен ковидтік пневмонияға шалдыққандар 31 мыңнан асты. Ресми есептегі қайтыс болған 1633 адамның 611-і тамыздың жарты айында тіркелді. Десе де індеттен ауырғандар саны 121 мыңнан асқанына қарамастан, ел үкіметі жағдайдың тұрақалғанын алға тартып, пандемия пайда болған Қытайдан бастап ең көп залал шеккен Түркияға дейін әуетасымалын жаңғыртуға шешім қабылдады. Сырттан келетін шетелдіктерді ешбір арнайы бақылау шарасынсыз кіргізуге көпшілік қарсы.

"The Qazaq Times"