Үндістанның Бангалор аймағында мұсылмандардың наразылық шарасы полициямен қақтығысқа ұласты. Мұсылмандардың наразылық ереуіліне әлеуметтік желідегі Мұхаммед пайғамбар туралы пікір себеп болған.

Үнді ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, наразылыққа себеп болған жазбаны жергілікті саясаткердің туысы әлеуметтік желіге жариялаған. Бұл пікірды аймақтағы мұсылман өкілдері "Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізу" деп айыптайды. Наразы мұсылмандар саясаткердің үйінің маңына топталып, оны қамауға алуды талап еткен. Соңында наразы топ саясаткердің үйіне басып кіріп, полицияның араласуына тура келген.

Карнатка штатының билігі қақтығыста үш адам қаза тапқанын растады. Жанжалға түрткі болған жазба Facebook желісінен өшірілген. Хабарларда нақты қандай пікір жазылғаны анық айтылмайды.

Штаттың ішкі істер министрі Аханда Мурти мұсылмандарға қарата мәлімдеме жасап, қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырды және "кінәлілердің жазаға тартылатынын" айтты.

Үндістан әлемдегі діндер мен нәсілдердің барлық түрі қатар өмір сүріп жатқан ел саналады. Билік тарабы зайырлы ел ретінде ешбір дінге басымдық бермейтінін айтып келеді. Алайда, соңғы уақытта халықтың басым көбін ұстаған мұсылмандарға қарата елде жағымсыз пікірлер күшейген.

• Бұдан тура бір жыл бұрын мұсылмандар шоғырлы қоныстанған Кашмир аймағының автономиялы статусы алынып тасталған еді.

• Ақпанда Делидегі мұсылмандар қоныстанған аймаққа жасалған шабуылдан 27 адам көз жұмған болатын.

• Былтыр жыл соңында Үндістан үкіметі Ауғанстан, Пәкістан және Бангладештен бас сауғалап келгендерге жеңілдетілген жолмен азаматтық беру заңын қабылдады. Алайда, бұл заңға мұсылмандар қамтылмай қалды.
• Аталған заң жобасы елдегі мұсылмандардың наразыдығын қозғап, елдегі ірі қалаларда наразылық акциясы өткен болатын.

"The Qazaq Times"