Орта Азияда қазақ және орыс тілдерінде ағартушылық бағыттағы masa.media атты онлайн-интернет басылымы іске қосылды. Интернет басылым саясат, құқық және заңнама жүйесін түсіндіреді. Сондай-ақ сайт мүмкіндігіне қарай консультативті платформа ретінде практикамен де айналысуды мақсат тұтады.

«Басылымның атын «Маса» таңдауымыз кездейсоқ емес. Ақын, ағартушы, ғалым, Алаш партиясының мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдер жинағы дәл осы өлеңімен басталады», – дейді Masa.media-ның негізін қалаушылар Ахаңның жолына түсіп.

«Masa.media-ның миссиясы – Қазақстанның жарқын болашағы үшін жастарды ағарту және олардың білімін арттыру. Жоба аудиториясы – 14-35 жас аралығындағы азаматтар. Олар – айналасына бей-жай қарамайтын, белсенді, жаңа білімге икемі бар, жаңаруға құлшынып тұрған азаматтар. Елдің болашағы – солардың қолында. Оны дәл солар өзгерте алады», – дейді жобаның авторлары.

Басылымның негізгі иелері журналист, медиа-менеджер, азаматтық белсенділер Айсана Әшім (The Village Қазақстан) және Әсем Жапишева («Тіл кеспек жоқ»).

Әлеуметтік статусы, мамандығы мен жынысына қарамай барлық азаматтың заң мен құқықты өз өмірінде пайдалануға септесуді көздейтін жобаға редакция ұжымы тілекші екенін білдіреді. Жоба жетекшілердің жеке қаражатынан қаржыландырылады.

Masa.media трафик үшін емес, жастарды өз құқығы мен саяси процестерге қызығушылығын арттырып, сол туралы терең білім алуы үшін жұмыс істемек. «Басылымның басты мақсаттарының бірі – соған қазақ тілінде сөйлейтін оқырмандарды тарту. Себебі дәл осы аудитория құқық, саясатқа қатысты сапалы және уақытылы ақпараттың жоқтығынан көп зардап шегіп отыр», – дейді жоба жетекшілері.

Masa.media өз аудиториясының заң мен құқықты дастархан басында емес, чаттарда, пікірталас алаңында ашық талқылап, күнделікті өмірде пайдалана алуына ұйытқы бола алсақ деген мұрат қойғанын жариялады.

«Біз саясаткерлердің түсініксіз тілде сөйлеуінен, жастарды саясатқа тек сөз жүзінде араластыруынан, заңсыздық пен бассыздыққа көм жұма қараудан шаршадық» шаршадық деген авторлар ағартушылық жобаны «сауыт-қару» ретінде пайдалауға шақырады. Жаңа жобаға The Qazaq Times табыс пен жеңіс тілейді!

 Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,

Сап-сары, аяқтары ұзын маса:

Өзіне біткен түсі өзгерілмес,

Дегенмен қара, яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?!

Ахмет Байтұрсынұлы «Маса» өлеңінен

"The Qazaq Times"