Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейруттегі жарылыс кезінде қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Президент өзінің Еwitter парақшасында: «Бүгін Ливан президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесіп, Бейрут портындағы жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірдім. ҚР азаматтарының (200-ге жуық), оның ішінде қазақ дипломаттарының және БҰҰ-ның бітімгершілік күштері құрамында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өтініш білдірдім. Ливан президенті осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргеніміз үшін алғыс айтып, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді», – деп жазды.

4 тамыз кешке Бейруттегі теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болды. Салдарынан 100-ден астам адам қаза тауып, 4 мыңнан астам адам зардап шеккен. Жарылыстың жойқан болғаны соншалық, жақын маңда орналасқан үйлерде, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттарда терезелері сынған. Желіде жарылыстың видеосы тараған болатын.

Жойқын жарылыстан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келген. Осы оқиғаға қатысты ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді түсініктеме берді.

Ливан телеарнасы мәліметінде, жоғары лауазымды тұлғалар портта сақталған жарылғыш натрий нитраты жарылысқа себеп болуы мүмкін деген болжам айтылды. Адамдар жарылыс болған жерде сарғыш түтін көргендерін айтты. Кейіннен белгілі болғандай, дұрыс сақталмаған аммиак селитрасы Бейруттегі жарылысқа себеп болған.

Ел премьер-министрі Хасан Диаб 5 тамызды ұлттық аза күні деп жариялады.

"The Qazaq Times"