Әлем елдері карантин талаптарын қайта күшейте бастады.

Handelsblatt неміс басылымының мәліметінше, енді Германияның батысындағы Солтүстік-Рейн Вестфалия аймағында қоғамдық көлікте маска тақпағандар 150 еуро айыппұл төлейді. Елдің туризм жөніндегі өкілі круиздік демалыстан келгендерге инфекцияның бар-жоғын анықтайтын тест тапсыру талабын қойып отыр. Оның ойынша, саяхат қауіп тудырмауы тиіс.

Өткен тәулікте Германияда коронавирус инфекциясын 741 адам жұқтырған. Эпидемия басталғалы бері бұл елдегі науқас саны 212 мыңнан асты, 9 мыңнан астамы індеттен қайтыс болды.

Әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 18,4 миллионнан асты. 700 мыңға жуық адам ажал құшқан. Вирусты алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Өткен аптада ДДҰ-ның пандемияға байланысты төтенше жағдай жариялағанына жарты жыл толды. Коронавирустың жаңа толқыны белең алған мемлекеттер карантин талаптарын қайта күшейте бастады. Олардың қатарында бірқатар Еуропа, Латын Америкасы елдері және Аустралия бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемді инфекциямен күресті жалғастыруға және ғылыми зерттеулерге қолдау керсетуге шақырды. Мамандар пандемия жүз жылда бір болатын құбылыс және бұл жолғы індет ұзақ уақытқа созылады деп болжады.

Ұйымның Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус: «Соңғы алты аптада ауру жұқтыру дерегі екі есе артқан. 30 қаңтарда төтенше жағайда жариялағанда, Қытайдан тыс жерде тіркелген науқастар саны жүзден аспайтын және одан ешкім көз жұмған жоқ еді. Халықаралық санитарлық ережелерге сәйкес, төтенше жағдай бойынша комитет жиынын өткіземін. Ол пандемияға байланысты жағдайды қайта бағалауға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді.

"The Qazaq Times"