Америка ғарыш тарихында жаңа кезеңге аяқ басты. Халықаралық станцияға 30 мамырда жөнелтілген Space X компаниясының Dragon ғарыш кемесінде болған америкалық ғарышкерлер – Даг Херли мен Роберт Бенкен Жерге оралды.

Оларды орбитаға Falcon 9 зымыран тасығышы алып шықты. Станцияда 2 айдай болған ғарышкерлер бірнеше рет ашық кеңістікке шығып, түрлі тәжірибе жасады.

Қос ғарышкердің сәтті сынағынан кейін Space X компаниясының басшысы Илон Маск: «Бұл – адамзат баласы үшін үлкен жетістік. Ғарыш кемесінің сәтті сапары екінші жағынан қазіргідей қиын жағдайда жағымды жаңалық»,– деді.

Crew Dragon ғарыш кемесі Флориданың батыс жағалауына жақын Мексика шығанағына 3 тамызда қонған. Оларды құтқару операциясына 2 кеме мен 2 катер және бірнеше тікұшақ жұмылдырылды. Бұл – АҚШ тархында жекеменшік компания кемесінің ғарышкерлермен тұңғыш сапар және америкалық ғарыш кемесінің 45 жылдан бері алғаш рет суға қонуы. Америка 2011 жылы Space Shuttle бағдарламасын тоқтатқандықтан, NASA мамандары орбитаға ресейлік «Союз» кемесін қолданған.

"The Qazaq Times"