Дүниежүзі бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 16,4 миллионнан асты. Сарапшылар алдағы уақытта вирус дерегі қайтадан артып, екінші локдаун болуы мүмкін дейді. Осы ретте пандемия кезінде әлем ахуалына шолу жасап көрелік.

Германияның кей аймақтарында карантин талаптары күшейтілді. Елдің денсаулық сақтау министрі атап өткендей, елде ауру жұқтыру деңгейі жоғары елдерден, соның ішінде АҚШ пен Бразилия, сондай-ақ Түркиядан келген барлық демалушылар үшін коронавирус міндетті тест тапсыру енгізіледі.

Осы аптада Бельгияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі шектеулерді алып тастаудың бесінші кезеңін енгізуді кейінге қалдырды. Керісінше, елде ауру жұқтырғандар санының өсуіне байланысты маска тағу режимін күшейту туралы шешім қабылдады.

Ұлыбритания мен Франциядағы ахуал да мәз емес. Қос мемлекет те жаппай вакцинациялауға үміт артып отыр. Францияда халық маска тағуға міндеттелді. Ал Біріккен Корольдік BioNtech, Pfizer және Velneva компаниялары өндіретін вакцинаның 90 млн дозасын сатып алмақ. Сонымен қатар билігі генетикалық код фрагменті бар вакцинаны әзірлейтін BioNtech және Pfizer альянсына 30 млн дозаға, ал Valneva компаниясына 60 млн көлемінде тапсырыс берген. Алдағы уақытта Ұлыбритания билігі алдағы уақытта халықты тұмауға қарсы егу бойынша ауқымды шара өткізуді жоспарлап отыр. Азаматтардың кей тобын тегін егу де қарастырылған.

Коронавирустан қатты зардап шеккен Италияда пандемияның алдын алу үшін карантин талаптарын күшейту туралы жарлық қабылданды. Жарлықтың негізгі шараларының бірі – жабық мекемелер мен барлық қоғамдық орындарда, көлікте маска тақпағандарға 1 мың еуро мөлшерінде айыппұл салу. Егер бизнес өкілдері талапқа бағынбаса, аталған сомадан бөлек, кәсіп 5-тен 30 күнге дейінгі мерзімге жабылуы мүмкін.

Мұнымен қатар, үкімет басшысы Джузеппе Конте төтенше жағдай режимін қазанның ортасына дейін созу туралы шешім қабылдады. Италия ДДҰ ескерткен екінші толқыннан сақтау үшін осындай шара енгізіп отыр.

Қазір елде ауру жұқтырған 242 000–нан астам жағдай тіркелген, 35 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Испаниядағы Каталония билігі соңғы 10 күнде коронавирус жұқтырушылар саны артса, карантин шараларын қайта қатаңдатпақ. Ресми деректер бойынша, Еуропада вирус жұқтыру дерегі күн санап артқан мемлекет қатарында Испания көш бастап тұр. Маусымда Испанияда ел бойынша күніне 250 ауру жұқтыру оқиғасы тіркелсе, осы аптада бір күнде 1,5 мың коронавируске шалдығу дерегі тіркелген.

Аустрия эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келушілер үшін елге кіру ережесін күшейтті. Енді 32 мемлекеттен келушілер коронавирусқа тапсырған ПТР-тест теріс нәтиже көрсетсе ғана елге кіре алады.

2021 қаңтарда Еуропа ғалымдарның коронавирусқа қарсы препараты сатылымға шығады деп жоспарланған. Дәріні Оксфорд университетінің мамандары, «АстраЗенека» компаниясы және италиялық ғалымдар бірлесіп өндірген. Келісім бойынша, құны 2-3 еуро болатын екпе алдымен Италия мен Ұлыбританияға, кейін Нидерланд, Германия мен Францияға жеткізіледі. Барлығы шамамен 30 млн доза өндірілмек. Бірінші кезекте дәрі инфекцияны ауыр өткеретін адамдарға егіледі.

Америка вирус жұқтыру дерегі бойынша антирекорд орнатып, тізімде бірінші орында тұр. Ресми Уашингтон да жаппай вакцинациялауға үміт артып отыр. Жергілікті Модерна биотехнологиялық компаниясы коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізудің үшінші әрі соңғы кезеңін бастап кетті. Әлемдегі ең ауқымды зерттеуге 30 мың ерікті қатыспақ. Жобаның қаржысы да қомақты. АҚШ билігі қосымша 472 миллион доллар бөлген. Көктемде ғана осы Модерна компаниясы вакцина жасап шығаруға 483 миллион алған

Вацина өндірісі оң нәтиже береді деген Ақ үй басшысы Дональд Трамп: «Біз бұл вирусты жеңеміз. Модерна компаниясы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің соңғы кезеңін бастап кетті. Санаулы күннен кейін тағы бір екпені, сосын бір-ер аптаның ішінде 4 препаратты клиникалық сынақтан өткізудің соңғы кезеңі басталады. Біз әдетте бірнеше жыл уақытты қажет ететін жұмысты шектеулі мерзімде орындап шықтық», – дейді.

Латын Америкасы елдері мен Африка вирустың ошағына айналған. Ал Иранда вирустың екінші толқыны басталып, коронавирус дерегі артты. Елде соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған жаңа оқиғалар саны – 2 333 болса, ідеттен көз жұмғандардың жалпы саны 15,7 мың.

Үндістан коронавирусқа қарсы вакцинаны алғаш рет адамдарға егіп, сынақтан өткізуді бастады. Мұнда СOVID-19 індетіне шалдыққан науқастардың жалпы саны 1,4 миллионнан асты. Коронавирус инфекциясынан 32 771 адам көз жұмған.

Көрші мемлекеттерде кеселді вирустың беті қайтпай тұр. Ресейде коронавирус анықталғандар саны 823 515 адамға жеткен. Елде вирустың күн санап қарқын алуына қарамастан, елдің бірқатар аймақтарында билік пен губернатор Сергей Фургалдың сотталуына қарсы митингтер өтіп жатыр. Украина мен Беларусьте 67 мыңнан астам науқас тіркелген.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде 20-26 шілде аралығында коронавирустан 208 адам қайтыс болғанын хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, елде 793 адам COVID індетінен көз жұмған. Елде жалпы саны 84 648 науқас бар. Дегенмен, сарапшылар Қазақстандағы коронавирустан қайтыс болғандардың санына күмәнмен қарайды. Себебі билік коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасына аптасына бір рет жариялап отыр және коронавирус жұқтырған кем дегенде 319 марқұмды «өліміне басқа дерт себеп болды» деп ресми статистикаға қосқан жоқ.

Қырғызстанда 33 мыңнан астам адамнан вирус анықталды. Мұнда Құрбан айт мерекесі кезінде мешіттерде намаз оқылып, қоғамдық шаралар өткізілмейді. Бұл шешім коронавирус індеті таралмас үшін қабылданды. Ал Өзбекстанда бірнеше күнге барлық көлік қозғалысына уақытша тыйым салынды. Елде 21 699 адам дертке шалдыққан.

Қазіргі уақытта әлем бойынша COVID-19 вирусын 16,4 миллионнан астам адам жұқтырған. Қайтыс болғандар саны – 653 мыңнан астам. Жазылып шыққандар – 905 миллион. Осы аптада ДДҰ-ның пандемияға байланысты төтенше жағдай жариялағанына жарты жыл толады. Ұйым өкілдерінің зерттеуінше, «COVID-19 әлемдегі ең қиын төтенше жағдай».

ДДҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус: «Соңғы алты аптада ауру жұқтыру дерегі екі есе артқан. 30 қаңтарда төтенше жағайда жариялағанда, Қытайдан тыс жерде тіркелген науқастар саны жүзден аспайтын және одан ешкім көз жұмған жоқ еді. Халықаралық санитарлық ережелерге сәйкес, төтенше жағдай бойынша комитет жиынын өткіземін. Ол пандемияға байланысты жағдайды қайта бағалауға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді.

"The Qazaq Times"