Еуропалық одақ Қырғызстанға дағдарыс кезінде білім беру және әлеуметтік қорғау салаларын қолдау бағдарламасы аясында 36 миллион еуро көлемінде бюджеттік көмек көрсетті. Бұл туралы «Кабар» агенттігі хабарлады.

Бұл мәселені 22 шілдеде Қырғызстан Сыртқы істер министрі Шыңғыс Айдарбеков пен ЕО-тың Орталық Азиядағы өкілі Питер Буриан талқылаған. Сонымен қатар Қырғызстан дәрі-дәрмектерді ЕО-ДДҰ механизмі арқылы алуға өтініш білдірді.

Айдарбеков пандемия кезіндегі ел жағдайы тұрақтанғаннан кейін бірден Бішкекте ЕО-Орталық Азия экономикалық форумын өткізу қажет дейді. Қырғыз министрі дайындық шараларын бастай беруді ұсынды.

2020 жылдың бірінші жартысында Қырғызстан 321 миллион доллар көлемінде сыртқы көмек алды: көмектің жалпы құны –  627 миллион доллар, оның ішінде 166 миллион доллары – гранттар. Ал қалған сома – жеңілдетілген несиелер.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қырғызстанда COVID-19 індетін жұқтырғандар саны өткен тәулікте 921-ге өсіп, 42 адам қайтыс болған. Ал вирус жұқтырғандардың жалпы саны 31 247-ге, қайтыс болғандар саны 1211-ге жеткен.

"The Qazaq Times"