Жуырда Брюссельде Еуроодақ елдері 1 шілдеден бастап Еуропаға қай мемлекеттердің азаматтары қатынай алатындығы жайында тізім жасады. Бұған дейін Еуропа өз шекарасын ашуы мүмкін деген мемлекеттер қатарында Қазақстан да бар еді.

25 маусым күні Еуропа байланысын үзбейтін мемлекеттердің тізімінде 54 ел бар болатын. Бірақ, 30 шілде күнгі тізімде олардың саны 15-ке бірақ түсті. Қазір Еуропада коронавирус пандемиясына байланысты мемлекетаралық қатынаулар үшін екі тізім жасалған. Олардың біріншісінде ЕО аймағына қай елдің азаматтары кіре алатындығы, екіншісінде қай елдің азаматтары кіре алмайтындығы көрсетілген.

Еуропалық дереккөздердің мәліметіне сәйкес жаңа тізімнің жобасы ЕО мемлекеттерінің қатысуымен 26 маусымда қабылданған. Жоба бойынша Еуропа өз шекарасын 15 мемлекетке ашады. Олар: Алжир, Австралия, Канада, Грузия, Жапония, Черногория, Марокко, Жаңа Зеландия, Руанда, Сербия, Оңтүстік Корея, Тайланд, Тунис, Уругвай және Қытай. Тізімді жасау барысында үш критерийге назар аударылған. Біріншіден, азаматтары Еуропаға қатынай алуы үшін мемлекеттегі эпидемиологиялық ахуал Еуроодақтағы орташа көрсеткіштен жақсы болуы лазым. Бұл жерде елдегі инфекция жұқтырғандардың 100 000 адамға шаққандағы коэффиценті мен мемлекеттің вируспен күрестегі дайындығы ескеріледі. Тізімге тек осы аспектілер жайында шынайы ақпарат берген мемлекет қана ілінеді.

Екіншіден, сапар кезіндегі инфекция жұқтыруға қарсы қолданылатын шаралар негізге алынады. Мұның қатарында аэропорт пен вокзалдардағы әлеуметтік ара-қашықтықтың сақталуы  да бар. Сонымен қатар, мемлекеттің еурокомиссияның талаптарына сай келмейтін елдер тарапынан қаншалықты транзиттік пункт ретінде қолданылатындығы да ескеріледі.

Үшіншіден, Еуропа шекарасын кесіп өту тек осы аймақтың тұрғындарына өз шекарасын ашқан мемлекеттердің азаматтары үшін ғана мүмкін болады.

Соңғы тізім бойынша Қазақстан еурокомиссияның талаптарына сай келмейтін мемлекет ретінде танылып отыр. 1 ай бұрын Қазақстан үшін есігін жаппаған Еуропа елдегі вирус жұқтырғандар саны 40 мыңға таяған шақта Қазақстан азаматтарының ЕО елдеріне қатынауына тыйым салды. Қазақстанның өз ішінде де көптеген азаматтар билік инфекцияның таралуын бақылаудан шығарып алды деген пікірде. Бұған дейін ДДСҰ да Қазақстанды эпидемиологиялық ахуалы тұрақты мемлекеттердің қатарынан шығарып тастаған болатын.

"The Qazaq Times"