Польшада президенттік сайлау өтіп жатыр. Соған қарамастан ел президенті Анджей Дуда сайлау науқанының соңғы күндерін Уашингтонда өткізді. Коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантиннен кейін Ақ үй қабылдаған бірінші саясаткер де осы Польша президенті. Түптеп келгенде, АҚШ-тың Еуропадағы «адал одақтас» рөлін саяси сценарийге сай орындап келе жатқан Польша өз жерінде америкалық сарбаздар санын арттыруды мақсат етіп отыр. Бұл өз кезегінде Ресейден іргені алыстатудың нышаны. Демек Варшаваның Уашингтон саясатын қолдап, Америкамен тығыз байланыс орнату жолындағы қадамы Мәскеуді бей-жай қалдырмасы анық.

Жоспар бойынша Дуда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, энергетика, сауда байланысын талқылап, коронавируспен күрес және тарихи әділеттілік туралы пікір алмасты. Алайда сапардың басты тақырыбы әскери ынтымақтастықты кеңейту, атап айтқанда Польшадағы америкалық сарбаздардың санын арттыру болды.

Адал одақтас

Дуданың айтуынша, АҚШ әскерлері республиканың «бұдан былай Ресейдің ықпал ету аймағы болмайтынына» кепілдік беру мақсатында қажет. Президенттер 2018 жылдың күзінен бастап Польшада Америка сарбаздарын арттыруды жоспарлап келеді. Дәл сол жылы Дуда Польшада «Форт Трамп» яғни АҚШ әскерлерінің тұтас дивизиясын орналастыруға шақырды. Дуданың айтуынша, «Форт Трамп» жай әскери база ғана емес, республикада америкалық күшті кеңейтуге деген бағыт. Варшава осы мақсаттарға шамамен 2 миллиард доллар бөлгенмен, ел аумағында аталған дивизия көрінбеді. Reuters агенттігінің мәліметіне сүйенсек, дивизия құрылысы қаржыландыру мен орналасқан аймаққа қатысты өзара келіспеушіліктерге байланысты сәтсіз аяқталған.

Соған қарамастан, 2019 жылы Варшава мен Уашингтон АҚШ-тың Польшадағы контингентін 4,5 мыңнан 5,5 мыңға дейін ұлғайту туралы келісімге қол қойды. Ал соңғы кездесуде Трамп бұл жолы республикаға Германиядан одан да көп әскер жіберілетінін мәлімдеді. Польшаның Dziennik Gazeta Prawna газетінің мәліметтері бойынша, 5000 америкалық солдаты бар Еуропа еліне 30 F-16 жойғыш ұшағы мен 2 мың АҚШ әскері жіберілуі мүмкін.

Трамптың өзі атап өткендей, АҚШ-тың Польшадағы ықпалын арттыру туралы шешім Ресей үшін «шұғыл ескерту» болған сыңайлы.

Берлинге дабыл қағылды

Трамп пен Дуда өткізгер баспасөз конференциясында Ресейдің Еуропадағы саясаты талқыланды. Польша президенті Ресейдің энергетикалық ресурстарына тәуелді боп отырған Еуропа елдеріне наразылығын білдіріп, Америка сарбаздарының аймақтан шығарылуы Еуропаға қауіп төндіреді деп кесіп айтты. Осы ретте Мәскеудің ықтимал саясаты жайлы айтқан Дуда Қырымның аннексиялануы, Ресейдің Луганск пен Донецкті жаулап алуы және Грузиядағы соғысты мысалға келтірді.

Жиын кезінде президент Трамп Мәскеу ғана емес, Берлинді де жиі еске алды. Бұған дейін Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас Дуда мен Трамптың кездесуін «күрделі мәселе» деп сипаттаған.

Трамп НАТО жобалары аясында қорғаныс саласына қаражаттың жеткіліксіз жұмсалуына байланысты АҚШ-тың Германиядағы әскерилері санын қысқарту жайлы сөз еткен. Еуропалық БАҚ-тың хабарлауынша, Трамп бұл шешімді Германиямен келісімге келмей жариялаған. AFP мәліметінше, Уашингтон Германиядағы әскери күштерін 25 мың адамға (қазіргі 34,5 мың адамнан) азайтуға ниетті. Бұл сарбаздардың бір бөлігі Польшаға жіберіледі.

Дәл осы мәселеде Берлиннің Варшавадан айырмашылығы НАТО-ға жеткілікті қаражат жұмсамауында: ЖІӨ-нің 2% орнына тек 1,38%-ы қарастырылған, сонымен қатар Германия Ресеймен «Nord Stream - 2» жобасына қатысып отыр.

Германияның бұл әрекетіне ренішін білдірген Трамп: «Олар [Германия] ресейлік энергияны сатып алуға миллиардтаған доллар жұмсай отырып, біз оларды Ресейден қорғауымыз керек деп санайды. Бұл дұрыс емес», – деді. Сонымен қатар Трамп Варшава одақ құрамындағы уәдесін орындаған және ЖІӨ-нің 2% -ын қорғаныс шығындарына жұмсаған санаулы елдердің бірі екенін еске салды.

Электр қуатына талас

Қырғи қабақ соғыс жылдарынан бері Батыс Германия НАТО-ның негізгі қорғаныс орталығы болып қала берді. Аймақта ондаған мың АҚШ әскері қызмет етті. Еуропаның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда, АҚШ әскерлерінің саны Германияда көп. Мысалы, Штутгарттағы АҚШ әскери нысандары Американың Ауғанстан мен Ирактағы миссияларының негізгі орталығына айналды.

Алайда Уашингтон мен Берлин арасындағы саяси келіспеушіліктерге байланысты АҚШ-тың Еуропадағы негізгі әскери одақтасының рөлі біртіндеп Польшаға ығысты. Осы арқылы Польша – Солтүстік Атлантикалық Альянстың ең ынталы мүшелерінің біріне айналуға бет алды. Бұл ел АҚШ әскери күштері үшін көпір болып қана қоймайды, сонымен қатар өз аумағында әскери инфрақұрылым құруға зор мүмкіндік иеленеді.

Варшава кеңестік дәуірдегі ескірген әскери техниканы белсенді түрде жаңартып, оны Американың жаңа жабдықтарымен алмастыруда. Өткен жылы Польша 2026 жылға арналған модернизациялаудың жаңа жоспарын қабылдап, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды, шабуылға арналған тікұшақтарын, қысқа қашықтықтағы зымырандарды, сүңгуір қайықтар мен кибер қорғаныс жүйелерін сатып алуға шамамен 50 миллиард доллар бөлді. Сонымен қатар Польша Patriot әуе қорғаныс батареяларын сатып алуды жоспарлап отыр. Осы жылдың басында Польша мен Америка 32 F-35A ұшақтарын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Биыл Польша өз аумағында «Еуропа-2020» әскери жаттығуларын өткізеді. Демек қазір Польшада НАТО-ның жетекші әуе күштерінің бірі болуға барлық мүмкіндік бар.

АҚШ-тың Польшадағы ұзақ мерзімді әскери ықпалы Варшава мен Уашингтон арасындағы қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, оларды жаңа деңгейге көтерді. Бұл қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық қана емес, сонымен бірге бірлескен сауда және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға сеп болмақ. Ұзақ мерзімді стратегия екі ел байланысын нығайтып, Польшаның аймақтық күш ретіндегі маңызын арттырады және бұл байланыстарды Дональд Трамп билігінен кейінгі жаңа әкімшілік кезінде де сақтауға мүмкіндік береді.

The Hill басылымы: «Уашингтонның еуропалық саяси мекемеге қарама-қайшылықтары күшейіп жатқан уақытта Польша екі тарапқа Атлант мұхитының тек қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық емес, саяси ынтымақтастықтың маңыздылығын арттырады. Егер Польша Уашингтонмен серіктестіктің сенімді және жан-жақты стратегиялық көзқарасын қалыптастыра алса, онда «жаңа Еуропа» жоспарын жаңартуға мүмкіндік бар», –деп жазады.

Мәскеу бақылауында

Мәскеу АҚШ пен Польша арасындағы әскери ынтымақтастықты мұқият қадағалап отыр. Ресми Кремль Уашингтонның Еуропадағы қауіпсіздікті «біртіндеп бұзып келеді» деп санайды. Алайда Еуропа Ресейдің бұл пікірін құптап отырған жоқ. Керісінше, Польша, Украина сынды елдер Ресейге тәуелділіктен құтылып, іргені алыстатуды мақсат етіп отыр.

«Егер Варшава саналы түрде өз аумағына шетелдік күштерді қабылдау арқылы алдыңғы қатарлы мемлекет мәртебесіне ие болғысы келсе, онда олар осыған байланысты барлық шығындарды, оның ішінде өз қауіпсіздігін ойлауы қажет», – дейді Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко. Бұл да Ресейдің Польша билігіне бағытталған ескертуі сынды.

"The Qazaq Times"