Ресей Ауғанстандағы америкалық әскерлерді өлтіргені үшін тәліптерге ақша төлеп отырған. Бұндай хабарды АҚШ-тың білдей ірі басылымдары жазды. Олар бұл ақпаратты өздерінің Ақ үйдегі сенімді дереккөздерінен алғанын да айтады.

The New York Times, Washington Post, The Wall Street Journal басылымдары бір уақытта Ресейдің әскери барлау бөлімдері туралы осындай сенсациялық мәлімет берді. Аталған басылымдар Ауғанстанда өлтірілген әрбір америкалық жауынгер үшін Ресейдің әскери барлау бөлімдері тәліптерге ақша ұсынып отырғанын жазды. Сондай-ақ, ресейлік аталған әскери бөлімдері Еуропадағы шабуылдарға да қатысы бар болуы мүмкін екенін айтады.

Ресей тарабы бұған кескін жауап беріп, айтылған мәліметтерді теріске шығарды. «Талибан» тарабы да Мәскеумен бұндай келісім болмағанын айтып мәлімдеме жасады. АҚШ-тағы орыс елшілігі аталған басылымдардың келтірген деректеріне алаңдаушылығын білдірген мәлімдеме де жасаған.

Америкалық ірі басылымдардың бұндай хабары, Уашингтон ауған жерінде жауласқан тараптармен бейбітшілік келісіміне құлшыныс жасап жатқан кезде жариялануы назар аударарлық іс. Келісім жүзеге асып жатса, Құрама Штаттар ауған жерінен 5400 әскерін шығарып кетуі тиіс еді. Соның өзінде елде 8600 шамасындағы америкалық сарбаз міндетін өтеп қалмақ.

Ал,The New York Times басылымының көрсетуінше, былтыр ауған жерінде америкалық 20 сарбаз қаза тапқан екен. Ал, соғыс басталған 19 жылдан бері АҚШ бас болған халықаралық коалиция күштерінен 3500 әскер қаза болған, олардың 2300-ден астамы америкалықтар. БҰҰ мәліметі бойынша 19 жыл ішінде ауған жерінде 32 мың бейбіт тұрғын қаза тапқан. Өзге ұйымдардың мәліметін қосқанда 19 жылда Ауғанстанда 132 мың адам соғыстан опат болған, олардың 58 мыңы үкіметке қарасты қарулы күш өкілдері болса, 42 мыңы тәліптерге және өзге террорлық топтарға мүше қарулылар.

2001 жылға дейін «Талибан» ұйымы (көптеген елде террорлық ұйым ретінде танылған) Ауғанстанда 5 жылға жуық билік жүргізіп тұрды. Сол тұста Ауғанстанда адам құқығы ауыр дәрежеде бүлініп, ел ішін қатаң діни салтпен басқарылып қалған. 2001 жылы АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізді, алайда ауған жерінде бейбітшілік орнаған жоқ. Тәліптер қазірге дейін бұрын айырылып қалған жерін қайтарумен келе жатыр. Қазіргі кезде Ауғанстандағы ресми үкіметтен көрі тәліптердің қарамағындағы аумақ көбірек. Бұл күнде Ауғанстан мәселесі Қытай мен Ресейдің де алаңдаушылығын тудырды. Тұрақсыздық пен террорлық топтарға өтіп кету қаупі бар ауған жері Оралық Азия үшін көбірек қауіп жаратып отыр.

“The Qazaq Times”