Ресей тарихи өзгерістердің тұсына тағы бір рет келді десе болады. Елдегі індет жағдайының ауырлығына қарамастан саяси қадамдар жиілей түсті. Бірер күн бұрын ғана елдің негізгі қалаларында Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығына арналған әскери парад өткізілді. Соған қоса Конституцияны өзгерту турасында референдум өткеріп жатыр. Көптеген сарапшылар референдум нәтижесі президент Путин күткен нәтижеде боларына шүбә келтірмейді. Осының өзі сол елдегі тарихи өзгеріс болмақ.

Осы ғасырда Ресейде даусыз бір ғана лидер болды. Бір кездері премьер-министр болғанымен (2008-2012) Путин билігі Кремльді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрды. Қазір «Путин болмаса, Ресей болмайды» деген көзқарасқа сенушілер Ресейде басым көпті ұстаса керек. Олай болмағанда конституциялық өзгерісті былай қойғанда, ол туралы референдум өткізудің өзі қарсылыққа тап болар еді.

Қазіргі Ресей Ата заңына (конституциясына) сай Владимир Путин үшін РФ президенті болу мүмкіндігі түгесіліп барады. Ол келесі сайлауға қатысатынын ашық айтпады, бірақ, сайлауға қатыспайтынын да айтқан жоқ. Бұған қарап конституциялық өзгеріс арқылы 67 жастағы Путин шарсыз билікке жетуді көздеп жатқаны анық болды.

Путиннің айналасындағы саяси үгіт-насихаттарға және 2018 жылғы сайлау нәтижесіне (76 пайыз сайлаушы Путинді қолдаған еді) қарамастан кейбір сарапшылар Ресейде оның рейтингі түсіп бара жатқанын айтып келеді. Оған пандемия ықпалында құлдырай түскен экономикалық жағдайы қоссақ Ресей басшысын қолдау көрсеткіші тіпті де төмендеуі мүмкін. Путин болса оның орнын әскери парад және ұлтшылдыққа толы пікірлер арқылы толтыруды көздеп жатқаны да жасырын емес.

1999 жылғы сайлау және оған дейінгі Путиннің басып өткен саяси баспалдақтары туралы көпшілік қауым жақсы біледі. Сондықтан оны қайталап жатудың қажеті жоқ. Дегенмен, ол президент болып, үш ай ішінде елдегі БАҚ-ты қатаң бақылауға алып, соңынан өзін қолдап шыққан бай-шонжарларды билік маңынан аластатып, билікті бір өзіне шоғырландырғанын айта кету керек. Соған қоса, президент Путин 4 жыл ішінде өңірлердің басшыларын тегіс өзінің сенімді адамдарына ауыстырып үлгерді. 2004 жылға келгенде федерация құрамындағы республика және аймақ басшыларын өңірдің өз ішінде сайлау арқылы бекіту күшінен қалып, Путин қалаған адам тағайындалатын болды. Солай да солай, Владимир Путин Ресейді толық бақылауына алып, шартсыз жалғыз лидерге айналып шыға келген.

Әрине, «Путин саясаты Ресей демократияны тұншықтырды» деген бағалаудың жаны бар, дегенмен Ресейдің орталық билігі үшін оның саяси шешімдері стратегиялық берік қадам болғанын мойындауға тура келеді. Бұған Шешенстанды мысал етуге болады. Шешенстандағы «сатып алынған тыныштық» пен Мәскеуге дайым бағыныштылығы өз кезегінде Путинге деген қолдауды күшейткенін білеміз.

Путин Қырымдағы Александр ІІІ ескерткішінің ашылуында. Фото: RT,

Путин билігі тұсында Ресейдің сыртқы саясатында да «көзсіздікті» көруге болады. Айталық, Батыс әлемінің наразылығын қайырып қойып, Грузиямен әскери жанжалға бару және өзі қалаған әрекетті жүзеге асыру; Қырымды «өзіне қаратып алу» секілді әрекеттерін атауға болады. Әлем елдерінің пікірін, наразылығын ысырып тастап әскери дөң-айбат көрсету, көршілес елдердің территориясын басып алу сынды әрекеттері де Путин саясатының «қауіпті жүрістері» ретінде танылған. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінің үкіметтері де сыртқы саясатта Ресейдің қас-қабағына қарай басуға дағдыланып келеді, дағдыланып та болған.

Басым көп ресейліктің Путиннің жалғасты президент болуына қарсы еместігі оны қолдау деп бағалау да жаңсақ пікір. Оның себебі, ресейліктердің Путинді Батыстың қысымына төтеп бере алатын лидер қатарында тануында. Оның үстіне қазіргі жағдайда Ресейдің өз ішінде Путинге балама лидер қатарлы кандидаттың жоқтығы немесе саяси сахнада болмауы. «Путин келгеннен кейін Ресей бұрынғыдай қуатты елге айналды» деген пікірге кездесіп жатамыз. Солай болсын болмасын, ендігі жерде Ресей лидері император ретінде өз имиджін тіктеп жатқанға көбірек ұқсайды. Сырт әлемде Ресей агрессивті саясат ұстанады деп қаралса да, Ресей ішінде «Путин Ресейдің бұрынғы территориясын қайтарып берді» деп санайтындардың болуы да оған көршілес және посткеңестік елдер үшін жаңа қорқыныш жаратуда.

Егер 4 жылдан кейінгі сайлауда Путин жалғасты Ресей президенті ретінде саясатта қалса, онда Орталық Азияға соның ішінде іргелес отырған Қазақстанға деген қысым қазіргіден де арта түседі деп болжауға болады. Бұл Қазақстандағы билік транзитінің тез арада толық ақырласып, жаңа және бәсекеге қабілетті, сыртқы қысымдарға тұрыстық беретін жаңа биліктің қалыптасуына деген мұқтаждықты арттырып отыр.

“The Qazaq Times”