Қытай мен Үндістан шекарасында атыс болып, 20 сарбаз оққа ұшты. ВВС агенттігінің жазуынша, бұл соңғы 45 жыл ішінде орын алған алғашқы қарулы қақтығыс.

Бұған дейін үнді әскері Галван алқабында болған қақтығыстың құрбандары үш әскери: офицер мен екі сарбаз деген болатын. Кейіннен бірнеше адамның жарақаттанғаны белгілі болды.

Үнді армиясының мәлімдемесінде екі елдің қорғаныс министрлік өкілдері шиеленісті реттеу мақсатында кездесу өткізеді делінген. Қытай тарапы мұндай кездесу өткізіліп жатқанын растады және Үндістанды «мемлекеттік шекараны бұзды» деп айыптады.

Өз кезегінде Үндістанның Сыртқы істер министрлігі Қытайға өткен аптада жасалған шекара сызығы туралы келісімді бұзды деп айыптап отыр. Үнді СІМ мәлімдемесіне сәйкес, «қиян-кескі қақтығыс Қытай тарапының өңірдегі шекаралық бақылауды өзгертпек болғаны үшін орын алған».

Үндістан, Пәкістан және Қытай «кқөз тіккен» Кашмирдегі жағдай соңғы жылдары шиеленісіп барады. Өңірде әскери және қарулы топтар арасындағы қақтығыстар жиілеген. Тараптар арасындағы шекаралық бақылау 1962 жылы болған ірі қақтығыстан кейін орнатылған. Соңғы рет ірі қақтығыс 2017 жылы Үндістан мен Бутанның шекарасын бұзып, Қытай жұмысшылары Доклам үстіртіне жол салғысы келген кезде орын алды.

Мамырда Үндістан мен Қытай шекара ауданына бірнеше мың әскер жөнелтілген. 6 маусымда болған келіссөздердің қорытындысы бойынша екі ел даулы мәселені бейбіт жолмен шешуге уағдаласқан.

"The Qazaq Times"