Биыл мектеп түлектеріне бакалавриатқа түсу үшін мемлекет тарапынан 54 мың грант, магистратурға 13 мың, ал докторантураға 2 мың грант бөлінді.

Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Әділет Тойбаевтың хабарлауынша, ауыл жастары үшін арнайы квоталар қарастырылған. Мектеп түлектері ҰБТ-дан кейін жоғарғы оқу орынына құжат тапсырғанда тек бір ғана мамандықты емес, өз қалауы бойынша 4  түрлі оқу бағдарламалар тобын таңдай алады. Ол таңдау тестілеуде тапсырылған 2 бейінді пәнге тәуелді болмайды.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу маусымның 20-сы мен шілденің 5-і аралығында өтеді. Тест тапсыруға 130 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың басым бөлігі онлайн форматта берілді. Карантин режиміне байланысты емтихан барысындағы санитарлық талаптар күшейтілгендіктен, ата-аналардың тест тапсыру орындарына келуіне тыйым салынды. Ал ҰБТ нәтижелері тапсырушылардың телефондарындағы мессенджерге жіберіледі.

"The Qazaq Times"