Алматыда өтіп жатқан бейбіт шеру кезінде «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай бастаған топты арнайы жасақ өкілдері қоршауға алды.

Шеруге келген қала әкімінің орынбасары «Жанболат Мамай қайтадан өтінім берсе, бес күн ішінде қарап, рұқсат береміз» – дейді. Мамай жақтастарымен Алматы қаласының әкімі Сағынтаевтың келуін талап етіп отыр.

Кейіннен қала әкімінің келмейтіні мәлім болған соң, Жанболат Мамай ешқайда кетпейтінін айтты. Ол билікке үш талап қойып отыр: халыққа несиелік амнистия жариялау, жер мәселесі және саяси тұтқындар бостандығы.

6 маусым таңертеңнен бері Достық даңғылы мен Құрманғазы көшесінен жоғары қарай жаяу жүргіншілер қозғалысы шектелді. Сонымен қатар Абай мен Назарбаев, Құрманғазы мен Қонаев қиылысына бекеттер қойылған. Оппозиция митингілерінің дәстүрлі орнына айналған «Астана» жабылды. Аталған жерде де полицейлер мен автозактар тұр.

Шеруге шамамен 150-ге жуық адам жиналған. Наразы топ «Назарбаев құрған жүйе құрысын!», «Нұр Отан таратылсын!», «Жер шетелдіктерге сатылмасын, берілмесін» деп ұрандатты. Таңертеңнен бері 15 шақты белсендіні полиция күшпен алып кетті. Ұсталғандар қатарында азаматтық белсенді Ася Төлесова да бар.

Айта кетерлігі, шеруге «Нұр Отан» мүшелері де келген. Олар наразы жұрт пікіріне қарсы контраргументтер келтірген.

Осыған дейін тіркелмеген «Демократиялық партия» және шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 6 маусымда митингіге шығуға шақырған болатын. Митингілер қарсаңында әр аймақта белсенділерге қысым күшейіп, ұстала бастаған. Бас прокуратура митингілердің заңсыз екенін айтып, жұртты наразылыққа шықпауға шақырған.

"The Qazaq Times"