Бүкіл әлем індетке қарсы қатаң шаралар қабылдап, карантин болып жатқанда Еуропадағы ең қалталы елдердің бірі Швеция экономикалық белсенділікті төмендетпеу үшін қатаң карантин шараларын жасамады. Мектептер, дүкендер, сауда орындары сол күйінде жұмыс істеп тұрды. Алайда, қазір коронавирус пандемиясына қарсы саясатқа жауапты елдің бас эпидемиологы өзінің қателескенін айтып мәлімдеме жасап отыр. 

Бас эпидемиолог Андерс Тегнелл арнайы мәлімдемесі арқылы өзінің қате кеткенін мойындады. Ол сөзінде: "Егер осындай пандемияға қайталай тап болатын болсақ, бұл тәжірибеден сабақ алып басқаша стратегия қолданатын едік", – деген.  Қазір Швецияда коронавирус жұқтырып көз жұмғандар саны көршілес елдермен салыстырғанда жоғарылай түсті. Оның үстіне көршілес елдер Швециямен шекарасын жауып тастаған.

10 млн шамасындағы халқы бар Швецияда 40 803 адам індет жұқтырып, олардың 4542-сі қаза тапқан. Індетке қарсы қатаң шаралар қолданған көршілес Данияда 580, Норвегияда 237, Финляндияда 321 адам көз жұмған. Андерс Тегнелл өз мөлшерінен әлде қайда көп адамның көз жұмғанын мойындады, дегенмен, Швецияның бұл стратегиясының өнімін бүтіндей жоққа шығармайтынын айтты.

Әлем елдерінде вирусқа қарсы күрес тәсілдері әр түрлі болды. Бір елдер қатаң карантин жарияласа, енді бір елдер қатаң шаралардың экономикаға зардабын ескере отырып болдырмады. Бұлардың соңғы нәтижесі қалай болары да әлі белгісіз. Әрине, экономикалық қуат пен халықтың амандығы таразыға түскенде көптеген ел үкіметтері қатаң карантин шаралары арқылы халықтың қауіпсіздігін сақтауға тырысты. Солай да қатаң шектеу шаралары арқылы азаматтардың өмірін қорғағанымен, зор экономикалық шығынға батқан елдер де көп. Олар алдағы дағдарыс толқынының тіпті де ауыр болатынын біліп отыр.

Осы тұста Швеция қатаң карантин шараларын теріске шығарды, азаматтардан мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге, гигиеналық тазалықты, әлеуметтік аралықты сақтауды өтінді және 50 адамнан артық топтасуды шектеді. Ал, нәтижесінде Швецияда вирустан қаза болғандар саны қатаң карантин шарасын кіргізген елдермен салыстырғанда көп болды.

Есесіне, Швеция экономикасы дағдарысқа ұшыраған жоқ. Алғашқы тоқсандықтың нәтижесі бойынша Швеция экономикасы 0,3 пайызға қысқарған. Ал, Еуропаның өзге елдерінде бұл көрсеткіш одан 11 есеге көп (орташа 3,5 пайыз).

Бірақ, сарапшылар бұған қарап Швеция тура жолды таңдады деп айтуға ерте деп қарайды. Себебі, әлем экономикасы кері кететін болса бұл жағдай Швецияны айналып өтпейді. Елдің басым экономикалық кірісі экспортқа сүйенеді. Әлемдік дағдарыс Швеция өнімдеріне сұранысты қысқартады, айталық әлемге танымал "Волво" автокөліктеріне сұраныс азаяды. Елдің экономика министрлігі 2020 жылы ел экономикасы 7 пайызға құлдырауы мүмкін екенін болжап отыр.

“The Qazaq Times”