АҚШ-та афроамерикалық азаматтың қазасынан кейін басталған қақтығыстар әлі басылған жоқ. Коронавирус дендеген мемлекет үшін бұл жағдай «жығылғанға жұдырық» болғандай. Елдегі хал-ахуалды жіті бақылап отырған Ақ үй басшысы Дональд Трамп жағдайды реттеу үшін бүлік орын алған қалаларға әскер жіберетінін айтты. Бұл жайлы SkyNews жазды.

Кеше шеруге шыққандар Ақ үй алдына жиналып, бүлік шығарған. Сондықтан да президент пен оның әйелі бункерге жасырынды. Кейіннен президент елдегі жағдай жайында мәлімдеме жасады. Трамп мәлімдемесінде: «Менің әкімшілігім зорлық-зомбылықты тоқтатады. Америкаға құлдырау емес, өрлеу қажет. Қастық емес, достық керек. Бүліктің орнына тәртіп орнауы керек», – деді. Сонымен қатар бұл ереуілдерді ұйымдастырған «Антифа» қозғалысын террорлық топ тізіміне енгізетінін айтты. Алдағы уақытта бүлікті басу мақсатында аймақтарға әскерлер жіберілмек. Бірақ Трамптың сайлаудағы қарсыласы Джо Байден «қалаларға әскер жіберу – Америка халқына қарсы шығу» дейді.

Уашингтон мэрі Мюриэл Баузер: «Алғашында ереуілдер бейбіт түрде өткен. Алайда артынша тәртіпсіздіктер белең алды. Көбі бұған алдын ала дайындалып келгенге ұқсайды. Мәселен, дүкендердің терезе-есігін сындыру үшін арнайы құралдар алып келген. Сондықтан бүлікке ұйымдасқан топтардың қатысы бар ма деген ой келеді», – дейді. Көптеген сарапшылар Америкада бейбіт түрде басталған шерулердің ірі қақтығыстарға ұласуына сыртқы күштердің, тіпті Ресейдің ықпалы бар деп санайды.

25 мамырда Миннеаполис қаласында 46 жастағы Джордж Флойд полицей өкілдерінің көз алдында жан тапсырған. Дүкен кассирі марқұм жалған банкнотпен есеп айырыспақ болды деген уәжбен полиция шақырады. Артынша оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктінің қолына кісен салғаннан кейін офицерлердің бірі оның желкесінен аяғымен 7 минуттай басып тұрған. Дауысы қарлыққан афроамерикалық өзінің дем ала алмай жатқанын айтады, бірақ оған полицейлер құлақ аспаған. Осыдан кейін «Мен тұншығып қалдым!» тіркесі шерудің басты ұранына айналды.

"The Qazaq Times"